Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталды. Астаналық сот оған осындай үкім кесті. Бұған қоса жеке мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте 10 жылға дейін атқара алмайды. Оның ісі Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы №2 сотында қаралған болатын.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Қайрат Сатыбалды – елдегі ең ықпалды бизнесмен. Ол осыдан жарты жыл бұрын «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығынан» аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен ұсталған болатын. Бүгін Астанадағы №2 сотта оған үкім кесілді. Сот отырысына айыпталушылар онлайн режимде қатысты.
Нұрлан Баяхметов, Астана қаласы Байқоңыр ауданы №2 сотының судьясы:
Сатыбалдыұлы 28-баптың 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 195-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Қайрат Сатыбалдыұлына мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Сонымен, миллиардтап қаржыны жымқырып, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салған Сатыбалды алты жыл арқалады. Әрі барлық мүлкі тәркіленеді. Атақ-даңқтарынан да айырылады.
Нұрлан Баяхметов, Астана қаласы Байқоңыр ауданы №2 сотының судьясы:
Сатыбалдыұлын ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры шенінен, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы Президентке ұсыныс енгізілсін.
Ол осыған дейін өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін мәлімдеген болатын. Әрі «Көліктік сервис орталығына» 28 миллиард, «Қазақтелекомға» 12 миллиард теңге төлеп, шығынды толық өтеді. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Асима Нұрбайқызы