Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады

25.09.2022

Нью-Йоркте Қасым-Жомарт Тоқаев біраз елдің президентімен, халықаралық аренада салмағы бар саяси тұлғалармен де кездесті. Солардың бірі: Еурокомиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен. Бұл кездесу туралы еуропалық саясаткер твиттерінде жазып, былай деген екен: «Тоқаевпен жақсы кездесу болды. Біз Ресей тарапынан агрессияның аймақ әсерін талқыладық».

Дәл сол күні, қыркүйектің 21-і Ресей президенті Владимир Путин «әскерді ішінара жұмылдыру» керек деп жариялап, жарлық шығарды. Құжатта «Ресей Федерациясының азаматтарын Қарулы күштерге әскери қызмет үшін жұмылдыруды іске асыру. Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырылғандар әскери қызметшілер мәртебесіне ие», - делінген.

Ресей Қарулы Күштері Бас штабының өкілі, контр-адмирал Владимир Цимлянский мобилизация аясында алдымен атқыштар, танкистер, артиллеристер, механик-жүргізушілер шақырылатынын айтты. Негізгі фактор: әскери тәжірибесі болуы керек.

Атап өтерлігі, Путин жарлығынан 1 күн бұрын Мемлекеттік Дума депутаттары Қылмыстық Кодекстеріне өзгерту енгізді. Оған сай «мобилизация, әскери жағдай кезіндегі» ережелер қатаңдатылды. Мәселен, 332-бап – жарлықты орындамау. Енді әскери қызметшілер жарлықты орындамау үшін ғана емес, әскери қимылға қатысудан бас тартқаны үшін де түрмеге қамалады. Жаза: 3 жылдан 10 жылға дейін.

Жарлық жарияланғаннан кейін көрші елде қарбалас басталды. Бірі ұлын, бірі әкесін, енді бірі күйеуін майданға аттандырғысы жоқ. Ресейдің кей қалаларында наразылық шаралары да өтті. Көрші елдегі жағдайды Мәскеудегі меншікті тілшіміз Индира Бегайдар баяндайды.

Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады. Яғни қосымша күш ретінде тіркелген, қарулы күштер қатарында борышын өтеген және әскери мамандығы немесе тәжірибесі бар азаматтар әскерге шақырылады. Қарулы күштерді бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру туралы қаулыға қол қойды. Мәлімдемеден соң 37 қалада наразылық акциялары өтіп, 1300-дей адам тұтқындалды. Бұйрық шыға сала ресейліктер жаппай елден кете бастады. Әсіресе Стамбул, Баку, Ереван, Алматы, Ташкент қалаларына әуе билеттері екі сағатта сатылып кеткен. Бағасы да көкке ұшты. Мәселен, Мәскеуден үшінші мемлекет арқылы Алматыға жету үшін ұшақ билетінің бағасы 8 млн теңгеге дейін барған. Шекарадағы өткізу бекеттерінде де ұзын сонар кезек қалыптасты.

Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ішінара мобилизация кезінде 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің мобилизациялық ресурсы 25 млн. адам, бұл жолы соның тек бір пайызы шақырылады.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

Қазір 300 мың адам, кейін тағы 300 мың адам шақырылуы мүмкін. Бұл да жеткіліксіз. Толық мобилизация да жариялануы ғажап емес. Бірақ бұл жақын арада болмайды деп ойлаймын. Оны тек уақыт көрсетеді.

Ең алдымен 35 жасқа дейінгі сарбаздар, старшиналар мен прапорщиктер және 45 жасқа дейінгі кіші офицерлер жұмылдырылуы мүмкін. Бұрын армияда болғандар және әскери мамандықтары бар адамдар да бұл тізімге кіреді.

Екі азаматтығы бар, немесе Ресей азаматтығын алған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан шыққандар да мобилизациялауға жатады. Егер бас тартса, өзі және отбасы азаматтықтан айырылады. Қолына әскерге шақыруды алып тұрып, бас тартқан ресейліктер 10 жылға дейін түрмеге қамалады. ГРАФИКА: Мобилизациялауға кімдер жатпайды? Кәмелетке толмаған інісінің немесе қарындасының қамқоршысы болып табылатындар. Асырауында он алты жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар адамдар. Тұрақты жұмысы бар БАҚ өкілдері мен IT саласында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқандар.

Игорь Трунов, заңгер, адвокат:

Сонымен қатар, жүктілік мерзімі кемінде 22 апта болатын әйелі бар және он алты жасқа дейінгі үш баласы бар адамдар да мобилизацияланбайы. Парламент депутаттары үшін әскерге шақыру кейінге шегеріледі. Ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеп үлгермегендер де жіберілмейді.

Қазір соғыстан бас сауғалап, елден кетіп жатқандардың қарасы қалың. Тізімге жатпайтындар да тәуекелге барғысы келмейді. Өйткені үміттен күдік басым. Ал ел билігі шекараны жабу мәселесін талқылап жатыр.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу