Тарихи жеңіс. Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының «Б» тобына өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи жеңіс. Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының «Б» тобына өтті

23.09.2022

Жерлестеріміз «Астана-Арена» стадионында Беларусь құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, алғаш рет 13 ұпай жинады. Осылайша біздің футболшылар өз тобында мезгілінен бұрын жеңіске жетті.

Өзгеріске жету үшін сөзден іске көшу керегін ұғып, біз айтып жүрген Жаңа Қазақстанға футболшыларымыз бірінші болып кіріп кеткендей әсерде қалдық, кешегі ойыннан кейін. Магомед Адиев шәкірттері ұлттар лигасындағы бес ойынның бір де біреуінде жеңілген жоқ.

Матч тартысты басталды. Қос команда алма-кезек шабуылдаумен болды. Ойынның 29-минутында Михаил Габышев Рамазан Оразовтың әдемі пасынан кейін алаң иелерін алға шығарды.

Бірақ бірінші таймның қосымша уақытында Павел Савицкий баспен гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Біздің жігіттер бұдан жігерленбесе, жасқанған жоқ. Екінші таймда дем басып алған футболшыларда гол салатын бірнеше мүмкіндік болған, дәлдік жетіспеді. 79-минутта Абат Айымбетовтың пасын сәтті пайдаланған Бақтиер Зайнутдинов жеңіс голын салды.

Бұл күні жанкүйерлер де аянып қалған жоқ. Араның ұясындай гуілдеген Астана-Арена ұлттық құрамаға ұлт намысын таптатпады.

Магомед Адиев, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Ойынға келсек, бұл ертегі бітпесе екен деймін. Біздің Астана-аренаға жиналған жанкүйерлер Еуропадан артық түспесе, кем емес. Біздің футболшылар әлі таңғалдырады деп уәде беремін.

Біздің доп тепкендер қақпаға дөп теуіп үйренді. 5 матчта 13 ұпай жинап, топта мерзімінен бұрын бірінші орын алды. Олар келесі жылы В лигасында ойнайды. Жігіттер жеңіске сене бастады, біз бен сізден керегі қолдау ғана.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу