Қостанай облысындағы Ақкөл ауылының аумағында шипалы ыстық су 30 жыл бойы кәдеге аспай, далаға ағып жатыр. Бұл жер облыс орталығынан 700, аудан орталығы Торғайдан 80 шақырымдай қашық. Басында ешқандай инфрақұрылымы жоқ, мидай дала. Соған қарамастан жаз айларында келушілер толастамайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Ақкөл және Ахмет ауылдарынан 20 шақырымдай қашықтағы ыстық су осы. Тұрғындардың айтуынша оның тоқтаусыз ағып жатқанына 30 жылдан асқан. Температурасы шамамен 80 градустай. Мысалы былай саусағыңызды ұзақ батырып тұру мүмкін емес.
Ыстық суға келушілердің қарасы соңғы жылдары едәуір көбейген. Бұған емделушілердің осы орын жайлы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы таратуы себеп болса керек. Келушілер шипалы су әсіресе тері ауруларына мың да бір ем дейді.
Райхан Мәлікзадақызы, Торғай ауылының тұрғыны:
Қазір көріп тұрғандарыңыздай қолымдағы аллергия осы ыстық судың көмегімен кетті. Жаңа басталып келе жатқанда мақтаға сіңіріп қолыңызды орап тастасаңыз бірден алып түседі. Мен күннен болатын аллергияға осы ыстық суды пайдаланам.
Асқар Сұлтанов, Сужарған ауылының тұрғыны:
Бүгінде біраз адам келіп жатыр. Басқа облыстардан да бар. Танысып жатырмыз. Менің өзімнің басыма жара шыққан. Бірінші рет келдім. Ваннаға түстік, ем алдық. Бәрі жақсы.
Мына кабиналар биыл жазда ғана орнатылыпты. Бұған дейін келушілер аққан судың шалшығына шомылатын. Азық түлікті өздерімен бірге әкеліп, көліктерінде түнейтін. Судың басына киіз үй тігіп, кабиналарды орнатқан Нұр – Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрман Ембергенов. Ол шағын шипажай салу үшін осы жерді биыл жалға алыпты.
Нұрман Ембергенов, Астана қаласының тұрғыны:
7-8 үй болады. 2 адамдық, 4 адамдық. Медицина қызметкері болады. Судың құрамын зерттеуге бердік. Неге пайдалы, неге зиян екенін анықтаймыз. Сосын іске кірісеміз.
Алайда бұл әзір ойға алған жоспар ғана. Нақты жоба әлі бекітілмеген. Бекітілген күнде де оны жүзеге асыруға қаржы іздеу қажет. Себебі Нұрман Ембергеновтің өзі айлық еңбекақыға қарап отырған қарапайым адам. Осы маңдағы аумағы 10 шаршы шақырым болатын шипалы Қаратұз көлі де иесіз жатыр. Қалталы инвесторлар қызығушылық танытпағандықтан туризмді дамытуға қолайлы бұл орындарды игеру әзір мүмкін болмай тұр.
Дәуренбек Әбдібек