Павлодарға өзге өңірлерден қоныс аударған ондаған отбасы кері көшіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарға өзге өңірлерден қоныс аударған ондаған отбасы кері көшіп кетті

20.09.2022

Көшіп келу оңай, тұрақтап қалу қиын. Павлодар облысына қоныс аударып, «Жұмыспен қамту», «Ішкі және сыртқы көші-қон» бойынша баспана алған адамдардың өкпесі қара қазандай. Себебі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасы өте нашар. Тіпті, кейбірі кері көшіп кетіп жатыр. Биылдың өзінде Успенка ауданынан 18 отбасы оңтүстікке қайта қоныс аударған.

Қос пәтерлі мына 10 үйге өңірдің болашағы бұлыңғыр ауылдарынан 20 отбасы көшіп келген. Павлодардың іргесіндегі іргелі елді мекенге келдік деп шаттанған тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Күз түсе пәтер жөндеу машақаты басталды.

Биғайша Дүкенбаева, Заря ауылының тұрғыны:

Үйге жаңадан пеш қойдық. Батарея салдық. Үйдің сыртын қаптап отыр. Әлі болған да жоқ қаптап. Өйткені, жетпей жатыр қаражаттары.

Бұл үйлерге негізінен көп балалы отбасылар қоныстанды. Ай сайын мемлекетке жалдау ақысын төлеп тұрады. 10 жылға дейін жекешелендіруге рұқсат жоқ.

Ләззат Әйтенова, Заря ауылының тұрғыны:

Жаздың кезінде терезеден су ағады. Қыста қар қатып қалады. Едендер жылымайды. Сұп-суық. Екінші рет ауруханаға түсіп шықтым, бір айлық баламмен.

Әкімшілік үйлердің сапасыз салынғанынан хабардар. Павлодар ауданында осындай 200 баспана бар. Бәрін бір мезгілде жөндеп беруге бюджетте қаржы жоқ-дейді.

Серік Бөлемісов, Павлодар ауданы әкімшілігінің бөлім басшысы:

Бұрын ол үйлер әр жерде болды. Құрылыс бөлімінде, қаржы бөлімінде, оны сосын әкімдерге берді. Сосын әкімдерден менің бөліміме. Менің қалтамда ақша жоқ. Былай алып істе дейтін. Ол үкіметтің мүлкі. Ертең заң бар. Заң бойынша бәрі келе жатырмыз. Ақша бөлінді. Қазір оны істейміз.

Ал Успенка ауданына ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша келген қандастар жүктерін түйіп, кері қайтуға даяр отыр. Баспана сапасыз, жұмыс жоқ дейді олар.

Жұлдыз Сынабаева, Белоусовка ауылының тұрғыны:

Жолдасыңызға қазір егіншілікте жұмыс болып жатыр. Сол жерде жұмыс бар. КАМАЗ айдайды деді. Маған оқу бөлімінде жұмыс бар деп шақырды. Келген кезде екеумізге де жұмыс жоқ.

Соңғы бес жылда аймаққа 10 мыңға тарта адам көшіп келген. Солардың 500-ден астамы, яғни, 150-дей отбасы кері қайтыпты.

Ерлан Айтмұқышев, Успенка ауданы әкімінің орынбасары:

Бәрі бірден бола бермейді. Кейбіреуі әлі үй алмаған шығар. Бірақ көмегімізді қолдан келгенше жасап жатырмыз. Кейбіреулер келіп, үй алып, мал ұстап жатыр. Сондықтан бәрі бірден бола бермейді.

Биылдың өзінде Успенка ауданынан 18 отбасы көшіп кеткен. Ал жақында ғана Түрікменстаннан келген бірнеше отбасы Астанаға аттанған.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу