Астанадағы жаңа скверлердің біріне Ұлыбритания Патшайымы екінші Елизаветаның есімі беріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Патшайымы екінші Елизаветаны жерлеу рәсіміне қатысқан Парламент Сенатының Төрағасы мәлімдеді. Мәулен Әшімбаев Вестминстер холлында Патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ол екінші Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да Патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қазақстанда Ұлыбритания Патшайымы екінші Елизаветаны біледі және құрметтейді. Осыған байланысты Президентіміздің шешімімен жақын арада Астанадағы жаңа скверлердің біріне Патшайым екінші Елизаветаның есімі беріледі. Сонымен қатар, оның Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасын арттыруға қосқан зор еңбегі мен қызметін әрқашан есте сақтайтын боламыз.