Орал тұрғындары екі апта бойы ыстық сусыз отыр. Қыркүйектің 5-інде жылу орталығы он күнге жоспарлы жөндеу жұмысына кірісіп, ыстық су беруді тоқтатты. Бірақ уәделі күні су берілмеді. Бүгін мекеме басшылығы техникалық ақаудың кесірінен жұмыс ұзаққа созылғанын, кешке дейін су берілетінін мәлімдеді. «Жылу орталығының газға қарызының кесірінен су берілмей жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Жалпы жылу мен ыстық суға тұтынушылардың қарызы - 520 млн теңге. Олардың жартысынан астамы - жеке тұтынушылар.
Бекболат Қамешев, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының орынбасары:
15 қыркүйекте жоспар бойынша жұмысты бітіріп, қосатын уақытта бізде бір құрылғы істен шықты. Сол себепті демалыс күндері жұмысшылар бұзылған қондырғыны жөндеді. Бүгін кешке дейін ыссы суды береміз. Ал қарыз бойынша, біз «ҚазТрансГазАймаққа» айтарлықтай қарыз емеспіз. Тек маусым, шілде айына 178 млн теңге ағымдағы қарызымыз бар. Оны төлейміз.
Ардақ Мұратқызы