Елде дәрігерлерді жазалау жеңілдеуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде дәрігерлерді жазалау жеңілдеуі мүмкін

19.09.2022

Елде дәрігерлерді жазалау жеңілдеуі мүмкін. Науқастың денсаулығына абайсызда зақым келтірген медицина қызметкерлеріне қылмыстық жауапкершілікті азайту қарастырылып жатыр. Бүгін Мәжілісте Денсаулық сақтау туралы заң жобасы таныстырылды.

Медицинаның тірегі һәм жүрегі – дәрігер. Олар өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге күнде тігеді. Себебі, ауру көп, емдеу түрі одан да көп. Бірақ шалыс басса, кешірім жоқ. Қылмысқа тартылады. Түрмеге тоғытылады.

Даулет Алдоңғаров, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:

Дәрігерлер өте қиын бұл статьямен. Істегісі келмейді, қорқады. Жауапкершілігі өте жоғары. Жауапкершілік көбіне білікті дәрігер алады ғой. Білікті дәрігерлеріміз кетіп жатыр. Солай болмас үшін осы заң жобасын енгізіп жатыр. Ниет болмаса бүкіл дүниежүзінде дәрігерді түрмеге отырғызбайды. Түсінуіміз керек, ол әдейілеп барған жоқ.

Елде жыл сайын дәрігерлерге қатысты 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Бірақ, кінәсі дәлелденгендері 30 пайыздан да аспайды. Енді науқасқа абайсызда зақым келтірген медицина қызметкері абақтыға қамалмауы мүмкін. Жаңа заң жобасында жазаны жеңілдету қарастырылып отыр. Ал емдеу немесе операция салдарынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді. Бұл жерде маманның да кәсібилігі маңызды. Сондықтан үш жылдан кейін дәрігерлер лицензиядан өтеді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Лицензиясы болмаса ол жұмыс жасай алмайды. Ешқайда жұмысқа кіре алмайды. Егер әрбір медқызметкер лицензияланған болса, онда жұмыс жасап жатырған мекемесімен бірге бөліп төлейтін болады. Сонда әрбір маманның жауапкершілігі болады.

Қалай дегенмен, дәрігер – мәртебелі маман. Олардың еңбегі өлшеусіз. Енді жылда кемі 3 маманға «ҚР еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріледі. Қосымша қомақты қаржысы бар. Бұдан бөлек, сала саңлақтары да анықталып отырады. Яғни, заң аясында міндеттен бөлек мәртебесі де ескерілген.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу