Қытай төрағасы Си Цзиньпин шетелге 3 жылдағы алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай төрағасы Си Цзиньпин шетелге 3 жылдағы алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады

18.09.2022

«Қытай төрағасы Си Цзиньпин шетелге 3 жылдағы алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады». «Тоқаев Қазақстанды демократия мен теңдікке жетелейді».

Әлемдік кейбір ақпарат құралдарының Қазақстан туралы мақалаларының тақырыптары осындай болды. Ұлыбританияның «Гардиан» газеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келісімімен ел астанасының атын қайтару туралы ұсыныстың Конституциялық заң жобасына енгізілгеніне мақала арнаған. Ал Америкалық басылым «Ассоушиэйтид пресс» Си Цзиньпиннің еліміздің егемендігі мен территориялық тұтастығын және жүргізіліп жатқан реформаларын қолдайтынына мән берген. Бельгиялық EU Reporter-дегі материал Қазақстан президентінің мандатын қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуден басталған. Ал Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары туралы саяси редактор Ник Пауэлл былай дейді: " Президент Тоқаев халықаралық шекаралардың мызғымастығын табанды түрде жақтап, бұл мәселені Ынтымақтастық кеңесіне қатысуы тиіс Ресей президенті Путинге де жеткізген еді. Қытай Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Әсіресе батыстың Ресейге қарсы санкциялары салдарынан солтүстік бағыттағы жолдары үзілгеннен кейін Орталық Азия арқылы өтетін жаңа сауда жолдарын дамыту үшін маңызды». Ал Қазақстан Қытаймен қатынастан не ұтады? Ақерке Бектастың материалы.

Бес жылдан соң төртінші рет Қазақстанға келген Қытай басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында қарсы алды. Бұл – Си Цзиньпиннің пандемиядан кейін шетелге алғашқы сапары. Дегенмен екі ел басшысы соңғы рет биыл ақпанда Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында кездескен. Мейман алдымен ресми делегация өкілдерімен жүздесті. Кейін Ақордада келіссөз жүргізу үшін кортежге қарай бағыт алды. Қытай тілін де жетік меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен еркін диалог құрды.

Бұл уақытта Ақордада Си Цзиньпиннің келуіне орай қызу дайындық жүріп жатты. Президент оркестрі осында. Құрмет қарауылы әзірлігін тағы бір пысықтады. Резиденцияға келген қытайлық әріптесеріміз де мемлекеттік сапардан хабар таратуға дайын.

Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі ел әнұраны орындалған соң, тараптар екіжақты келіссөз жүргізуге көшті. Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл. Тоқаев үш жыл бұрын көрші елге жасаған мемлекеттік сапары кезінде стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойған. Осы кездесуде «бұл келісім – жаңа алтын 30 жылдықтың басталғанын білдіреді» деді.

Қасым-жомарт тоқаев, қазақстан республикасының президенті:

Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын.

Ал Си Цзиньпин Қытай үкіметінің Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа зор көңіл бөлетінін жеткізді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз.

Әрине, Қытаймен экономикалық қатынас алдымен бізге қажет. Бірақ Си Цзиньпин мұндай мәлімдемені бұл кездесуде тегін жасап отыр жоқ. Әлемдік геосаяси жағдай күрделі кезеңде сыртқы күштердің кесірінен экономикасы құлдырап, бірлігі мен берекесі қашқан елдер бар. Оның үстіне бұл жағдай Қытай тауарын Еуропаға экспорттайтын біраз бағыттың жолын жапты.

Қайсар Еркінбаев, Халықаралық экономика сарапшысы:

Сондықтан бұл жерде Қазақстанның транзиттік потенциалы өте маңызды. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Біз Еуропа мен Қытайды қосатын көпір іспеттеспіз.

Қытаймен арада 2 теміржол, 5 автокөлік бекеті жұмыс істейді. Кірістер комитетінің дерегінше, екі елдің сауда айналымы биыл жеті айда 13 млрд доллардан асқан. Біз көрші елге 8 млрд долларға тауар саттық. Қытайдан шамамен 5 млрд долларға импорттадық.

Сауда-саттықта мұнай өнімдері де бар. Екі ел Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы 11,5 млн тонна шикізат тасымалдайды. Бірақ оның көбі – Ресейдің мұнайы.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Иә, соңғы уақытта өкінішке қарай біздегі кейбір кен орындарында мұнайдың өндірісі азайды. Сондықтан қазір 10 млн тонна Ресей мұнайы транзитпен жүріп жатыр.

Қытайға мұнай сатуға тек өндірістің азаюы кедергі емес. Осы уақытқа дейін қара алтынды Атасуға жеткізуге құбырдың қуаты жетпеді. Министр енді Атыраудан Кеңқияққа баратын құбырды кеңейту жұмысы 1,5 жылда аяқталатынын айтты.

Қайсар Еркінбаев, Халықаралық экономика сарапшысы:

1,4 млрд көрші нарық бар, неге соны қолданбасқа?!

Экономист Қайсар Еркінбаевтың айтып отырғаны – электрондық сауда. Үш жыл бұрын Бейжің сапарында Президент Али бабаның негізін қалаушы Джек Мамен кездесіп, цифрлық экономиканы дамытуға атсалысуға шақырған. Енді міне 130 қазақстандық компания «Alibaba» платформасында 167 млн долларға тауар сатты.

Қайсар Еркінбаев, Халықаралық экономика сарапшысы:

Өкінішке қарай, бізде электрондық коммерция әлі өз деңгейінде дамымаған. 1,5 млрд Қытай нарығына сіздің өніміңіз өтіп жатса, бизнесіңіз дамып, мемлекетке салық төлеп жатса, бұл өте жақсы тенденция ғой.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөзден кейін дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Президент екіжақты қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Си Цзиньпинді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл – елдегі ең жоғары мемлекеттік награда.

Ақерке Бектас, тілші:

Мемлекеттік сапары алдында Си Цзиньпиннің біздегі басылымдарға мақаласы жарияланды. Онда Ляньюньган портының Қазақстанға тауар тасымалдау үшін берілгені жазылған. Біздің ел осы порт арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тауар экспорттай алады. Тіпті оны жеткізу уақыты 1 айға қысқарған. Бірақ сарапшылардың сөзінше, Қазақстан порттың мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ. Экспорттайтын өнім аз. Сондықтан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді сұрап отыр.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу