Рухани ілімді терең меңгеріп, өз заманының ғұлама данагөйі болған Бекасыл Биболатұлының туғанына биыл 200 жыл толады. Осыған орай оның туған жері Түркістан облысы Төле би ауданында қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық форумы өтті.
Бекасыл Биболатұлы Ташкент, Самарқан, Бұхара, Қарнақ пен Сайрам шаһарлары және Шам елінде білім алған. Теологияны терең мегерген ол астрономия, математика мен философияны жан-жақты зерделеп, шипагерлікпен де танылады. Оның бұл салалардағы еңбектері «Зикзал» кітабы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Зәріпбай Оразбек Бекасыл Биболатұлының, мұраларын зерттеуші:
Бұл кісі Құранның тәфсір тілін, хадисті, пайғамбарлар тарихын өте жоғары деңгейде білген. Шариғат ғылымын жақсы меңгерген және оның өте шебер тілмен баяндап бере алған.
Конференция қатысушылары Бекасыл әулиенің кесенесі мен ескерткішіне тағзым етті. Мұражайда болып, еңбектерімен танысты. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиылған көпшілікке мемлекет басшының құттықтауын жеткізді.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
Бекасыл Биболатұлы ғасырлар бойы халқымыздың бойында жинақталған өмірлік тәжірибені, салт-дәстүрді, дала даналығын жеткізген абзыл жандардың бірі. Ол өмір бойы адамдық пен татулыққа, еңбекқорлық пен отансүйгіштікке үндеген. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, халықты бауырмалдықты сақтауға шақырған.
Конференцияда қазақ-қырғыз зиялылары Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» еңбегін жан-жақты талдап, ондағы адамзаттың байтақ тәжірибесі,ғылыми мәліметтер мен дінтану туралы ой-тұжырымдарына талдау жасады. Оны ғылыми тұрғырда зертеп зерделеу жайы айтылды.