Апта басында әлемдегі ең ірі Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі басқосуы Бас Ассамблеяның кезекті сессиясы басталды. Ауқымды жиында жер-жиһан үшін маңызды мәселелер талқыланып, құжаттар қабылданады.
Ал сессияның ең жоғары деңгейдегі іс-шаралары келер аптаға жоспарланған. Оған ондаған елдің көшбасшылары қатыспақ. Арасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Мемлекет басшысы Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізеді.
Бұл күндері Нью Йорк қаласында қауіпсіздік шаралары күшейе түскен. Әуеден де жерден де бақылау қатаң. Бұл түсінікті де. Алып шаһарға бір мезетте ондаған елдің басшысы келмек. Онсыз да тіршілігі қайнаған алып шахарда ығы-жығы қарбалас. Бұл кездері қалада оңтайлы сәтті пайдаланып шеруге шығып, талабын айтатындардың қатары көбейеді.
Сессияның басты іс-шаралары қыркүйектің 20-26 аралығында өтеді. Жоғары деңгейдегі апталыққа мемлекет басшылары мен премьерлер және министрлер қатысады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас ассамблея сессиясының жалпы дебатына қатысады. Ол алғашқылардың бірі болып биік мінберден сөз сөйлейді. Күні кеше ғана діндер съезін өткізіп, әлемді бейбітшілікке үндеген қазақ басшысының сөзі салмақты болары сөзсіз.
Пандемияға дейін қазақ басшысы Нью-Йорктағы бас штабтың мінберінен сөз сөйлеген еді. Сол кездегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы бастамасы көпшіліктің қалың қолдауына ие болған.
Болат Нұрғалиев, Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы:
Ең үлкен мақсат - БҰҰ ның 100 жылдыққа бұл 45 жыл бүкіл әлемді ядоллық қарудан босату. Көрдіңіз бе, қазіргі жағдайды, бір-бірін қорқытады. Ең бастысы кеш болмасын.
Иә, 77-сессия жер-жиһан үшін күрделі кезеңде өтіп жатыр. Ресей мен Украина текетіресі, Тайвань дағдарысы, Қарабақ шиеленісі, тағысын тағы. Тізімді осылай жалғай берсең кете береді. Ушыққан геосаяси ахуалмен қатар азық-түлік проблемасы мен жаппай қымбатшылық, әлемді алаңдатқан жаңа вирус түрлері, әлі де жалғасып жатқан пандемиямен күрес әлі де өзекті. Талқыға салып, қабылдауды қажет ететін шешімдер көп.
Камран Бохари, «NEWLINE INSTITUTE» орталығының аналитикалық даму мәселесі жөніндегі директоры:
Қазір Қазақстан үлкен трансформациялық өзгерістің бел ортасында. Көп елге үлгі боларлық саяси әрі экономикалық шешімер қабылданып жатыр. Менің ойымша Қазақстан тұтас Еуразия құрлығы үшін маңызды мемлекет. Өйткені осы аумақты қандай жағдай болса да Қазақстан маңызды рөл атқарады. Сол себепті оған өңірдегі негізгі ойыншы ретінде қарау керек. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты АҚШ Қазақстанмен стратегиялық байланысын тереңдетуге ұмтылады деп ойлаймын.
Жалпы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары өте тығыз болмақ. Бас ассамблея отырысынан бөлек бірқатар мемлекет және ұйым басшылары, америкалық ірі банкирлер мен трансұлттық компания жетекшілерімен кездесу өткізбек. Яғни саяси шарамен қатар инвестиция тарту мәселесі де басты назарда болады деген сөз.
Ш.Жамбылұлы