Алаштың ардақтысы Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаштың ардақтысы Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл

16.09.2022

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, ел басқару ісінде айырықша қолтаңба қалдырған Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Шымкент қаласында тау тұлғаны еске алу және ұлықтау шаралары өтті.

Асанбай Асқаров Оңтүстікті өркендетіп, Шымкенттің шырайын ашқан іскер басшы. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында өңірде 180-ге жуық өнеркәсіп орны жұмыс істеді. Көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп, Одақ көлемінде теңдесі жоқ дендросаябақ салынды. Зообақ, балалар темір жолы, атшабар секілді әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Алаш рухты азаматпен қызметтес болғандар оның іскерлік қасиетімен бірге адами болмысының да биік болғанын айтады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, А.Асқаровтың әріптесі:

Бұл кісі өз ісінің білгірі. Менің байқайтыным, өз еліне деген сүйіспеншілігі, ел дамуына жан дүниесімен беріліп атқаратынын сезетінмін.

Мерейтойға орай бүгін Асанбай Асқаров есімімен аталатын орта мектепте ашық тәрбие сағаттары өтті. Шәкірттер асқақ тұлға жайлы шығармаларды оқып, сахналық қойылым қойды.

Бүгінде Шымкент қаласындағы орталық көшелердің бірі және дендросаябақ Асанбай Асқаров есімімен аталады. Ескерткіші мен мұражайы бар. Ақиқатшыл адалдығымен, биік пайым парсатымен ел есінде қалған тұлғаны ұлықтау әрі қарай да жалғасын таппақ.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Асанбай Асқарұлы – саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған іскер ұйымдастырушы, іскер басшы әрі ұйымдастырушы. Шымкент қаласында қазан айында Асқаровтың мұрасы мен тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Шымкент бүгінде зообағы бар елдіміздегі санаулы қалалардың бірі. Көлемі бойынша ең үлкені. Ал 140 гектар дендросаябақта Европа, Америка, Орталық және шығыс Азияда сирек кездесетін ағаш түрлері жайқалып өсіп тұр. Бүгінгі мереге орай шаһар тұрғындары мен қонақтары бұл орындарды тегін тамашалады.

Хабарламаларға жазылу