Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Самарқанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Самарқанға барды

15.09.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барды. Президент Самарқанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатыспақ. Маңызды саяси шара ертең болады. Қазір онда қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп, қызу дайындық жүріп жатыр. 15 елдің басшысы қатысатын жиында геосаяси ахуал, Ауғанстандағы жағдай, азық-түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелер көтерілмек. Әрі бірқатар маңызды құжаттар бекітіледі деп күтіліп отыр. 

Әуеден де тікұшақпен бақылап жүр. Ал қалаға кіріп шығатын жолдар жабық. Жергілікті базар жұмысын уақытша тоқтатты. Жалпы өзбек тарапының саммитке дайындығы ерекше. Саяси шараны нағыз мейрамға айналдырып жібірген. Концерт ұйымдастырылып, қала іші той думан.

Тек ән мен би емес. Өзбекстанда тұратын әр ұлттың өкілдері ерекше көрме ашқан. Мәселен бұл қазақ павильоны. Осындағы қандастарымыз ұлттық киім, аспаптарымыз бен қолөнер бұйымдарын қонақтарға ұсынып, дәстүрімізді дәріптеп жатыр.

Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:

Міне келіп көріп: "Ойпырмай осы бешбармақ салатын ыдыс па? Мынау қымыз қымыран құятын ыдыс па?- деп сұрап қызығып жатыр. Әрбір ойманы бұл ненің белгісі деп бізден сұрап, біз солардың бәріне түсіндіріп отырмыз.

Өзбек билігінің саммитті дүркіретіп өткізуге ұмтылуы бекер емес. Осы арқылы тарихи қала Самарқанды көрсетіп, туризмді дамытуды көздеп отыр. Тіпті халықаралық шара алдында 450 миллион доллар инвестицияға Түркістандағы Керуен сарайы секілді туристік кешенді ашты. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен делегаттар ағылып жатыр. Мәселен Шанхай ынтымақтастық ұйымына сегіз ел кіреді. Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан және Тәжікстан, екі ядролық алпауыт Ресей мен Қытай бар. Төрт ел бақылаушы. Тағы алты мемлекет диалог жөніндегі әріптес. Бұл елдер Жершары халқының тең жарымы.

Әзиз Әбдухакімов, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Туризм министрі:

Самарқанда өтетін халықаралық шаралардың арқасында қалаға келетін турист саны жыл соңына дейін үш есе көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Яғни 2 миллионнан асуы керек. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 миллионға жеткізуді көздеп отырмыз.

Бірақ дәл қазір туризм мен мәдениеттен гөрі саясат маңыздырақ. Күллі әлем көз тіккен Самарқан саммиті ертең өтеді. Мұнда мемлекет басшылары климаттың өзгеруі, ақпараттық қауіпсіздік, көлік, сауда мәселесінен бастап Ауғанстандағы жағдай, терроризм мен геосаяси ахуалға дейін сөз болмақ. Қазір ол ушығып барады. Ресей мен Украинаны айтпағанда, Армения-Әзірбайжан, Қырғызстан-Тәжікстан арасындағы жағдай күрделі. Бұл ретте ұйымның бас хатшысы бейбітшілікті ту еткен Қазақстан секілді елден үлгі алу қажет деді.

Чжан Мин, ШЫҰ-ның бас хатшысы:

Қазақстан ұйымның құрылтайшысы ретінде татулық пен тұрақтылықты сақтаудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Оның үстіне елдеріңіз Орталық Азиядағы ер ірі мемлекет. Бұл аймақ ұйымның жүрегі іспетті. Айналада геосаяси тұрақсыздық болып жатқанда дамудың жаңа жолына түсу - ел бірлігінің арқасы. Сондықтан Қазақстанның ұйымға берері мол.

Бұдан бөлек, ұйымға Иранды толық қанды мүшелікке қабылдау мәселесі шешілмек. Сондықтан Шанхай сегіздігі тоғыздыққа айналуы мүмкін. Әрі Белорусь бақылаушы ел ретінде қабылданғысы келіп отыр. Бұған қатысты шешімдер ертең шығуы керек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу