Си Цзиньпин: Көркем Қазақстанға сапарлай келуім айрықша жылы сезімге бөледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Си Цзиньпин: Көркем Қазақстанға сапарлай келуім айрықша жылы сезімге бөледі

15.09.2022

Кешегі күннің тағы бір тарихи сәті – Қытай ел басшысының Қазақстанға сапары. Қытайдың «Басты жаңалықтар» әлеуметтік желісінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елге мемлекеттік сапары мен оның марапаты кеңінен талқыланып жатыр. Көрші мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы үлкен әрі Еуразия аймағында маңызды ықпалы бар ел екенін атап өткен. Төраға Си Цзиньпинді Қазақстан Президенті Тоқаев орденмен марапаттағаны да жазылған. «Алтын Қыран» ордені Қазақстанның ең жоғары құрметті марапаты екені айтылады. Бұл марапат 1995 жылы бекітілген. Оны Қазақстан мемлекеттілігінің құрылуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғаларға, оның ішінде Қазақстанмен сыртқы достық қарым-қатынаста оң нәтижелерге қол жеткізуге ықпал еткен шетел мемлекет басшыларына табысталатыны жазылған.

Си Цзиньпин, Қытай халық республикасының төрағасы:

Бейжің қысқы олимпиадасынан кейін Президент мырзамен қайта кездескеніме қуаныштымын. Бес жылдан кейін көркем Қазақстанға тағы да сапарлай келуім айрықша жылы сезімге бөледі. Бұл менің пандемия басталғаннан бері шетелге жасаған алғашқы сапарым. Мен Қазақстанды таңдадым. Бұл қытай-қазақ қатынасының жоғары деңгейі мен ерекшелігін, біздің достығымыздың тереңдігін көрсетеді.


Хабарламаларға жазылу