Қарағанды мен Қарқаралы ауданы аралығында жол қатынасы тым қиындап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды мен Қарқаралы ауданы аралығында жол қатынасы тым қиындап кеткен

21.09.2022

Қарағанды мен Қарқаралы ауданы аралығында жол қатынасы тым қиындап кеткен. Ауыр жүк көліктерінің кесірінен шұрық-тесікке айналған күрежолға биыл орташа жөндеу жұмыстары басталған. Алайда қаражат аз болғандықтан, тек бір бөлігі ғана жөнделді. Табиғаты әсем Қарқаралыға жұрт жолдың нашарлығынан барғысы келмейді. Соның салдарынан аудан туризмнен түсетін қыруар қаражаттан қағылып отыр

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы 1961 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Мінекей ой-шұңқыры шығып жатыр. Жолдың ені де талапқа сай емес. Салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады.

Биыл сең қозғалды. Республикалық маңыздағы жолдың Қарқаралыдан шыға берістегі 10 шақырымы жөнделді. Әзірге бөлінген қаражат соған ғана жеткен. Тұрғындар басталған іс орта жолда қалмаса игі, - дейді.

Ержан Төлендин, көлік жүргізуші:

Сол енді жаздың күндері шұңқыр-тесік көп, машина сынады. Қарағандыға дейін істесе осы жолды осылай. Жаңа ғана айтып келе жатқан едік ары қарай істеп бітіріп берсе екен деп.

Сұлтанғазы Сүлейменов, көлік жүргізуші:

Жол апаты көп, кісі де өліп жатыр. Былайша айтқанда туристік жер ғой. Табиғаты, көретін жерелері көп. Енді сондай жерге дұрыс жол салып беруге болады ғой. Бұл қаншама ақшадан айырылып жатыр қазір Қарқаралы.

Жөнделген 10 шақырымға 600 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бүйірі бұлтиып тұрған бюджет жоқ. Әрбір тиынның сұрауы бар. Сондықтан жол сапасын тексеруші мамандар күнде құрылыс барысын қадағалайды. Мердігер компания өкілдері бұл орташа жөндеу болғанымен, сапасы бұрынғыдан анағұрлым жақсы болатынына кепілдік беріп отыр.

Самат Сламбеков, мердігер компанияның өкілі:

Бұл ойылмайды оның ішінде жаңағы цемент бар,  шебен бар. Ол жартылай бетон сияқты есептеледі. Асфальтының қалыңдығы 6 сантиметр, ал ені 8 метр. Екі жыл кепілдік мерзімі бар.

Келер жылы жолдың тағы 74 шақырымын жөндеу жоспарланған. Бірақ оған миилиардтаған қаражат қажет.

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

Матақ ауылының маңайына дейін шамамен 5 миллиард теңге қаражатты қажет етеді. Әзірше бекітілмеді. Бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыстар, тиісті құжаттар дайындалды.

Қарағанды-Аягөз-Бұғаз республикалық маңыздағы тас жолының 190 шақырымы осы ауданынң аумағынан өтеді. 2025 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуы тиіс. Оған дейін ой-шұңқыры шыққан жолға орташа жөндеуді соңына дейін жүргізіп, облыс орталығына қатынасты жеңілдетіп берсе, - дейді жұрт.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу