Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты. Армения тарапының ұсынысымен болған отырыс бейне-байланыс режимінде өтті. Мемлекет басшылары Әзербайжан-Армян мемлекеттік шекарасында болған оқиғаларға қатысты Армения Премьер-министрінің мәліметін тыңдады. Қазақ Президенті өз сөзінде қақтығысты тек саяси-дипломатиялық жолдармен шешу қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды тұрақтандыру үшін мүмкін болған барлық шараны қабылдауға, күштік құрылымдарды пайдаланудан бас тартуға, шұғыл түрде келіссөз жүргізуге шақырды.