Рим папасы Францисктің Қазақстанға сапарының саяси астары мен маңызы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рим папасы Францисктің Қазақстанға сапарының саяси астары мен маңызы қандай?

13.09.2022

Сонымен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне Рим Папасы Францисктің әуе кемесі бір сәттен кейін Елорда әуежайына келіп қонады. Маңызды басқосуға Католик шіркеуінің басшысын Президент арнайы шақырып отыр.

Католицизм - христиан дініндегі үш тармақтың бірі. Мағынасы «жалпыға ортақ», «ғаламдық» дегенді білдіреді. Қалған екі бағыты- православтар мен протестанттықтар. Әлемде католик дініне табынушылар қатары 1 млрд 300 млн адамнан асып жығылады. Басшысы – Рим Папасы. Қазір қоғам зайырлы дегенмен, әлемдік ахуалдың күрделене түскені баршаға аян. Мемлекеттер арасындағы теке-тірес, ашаршылық, зорлық-зомбылық, тағысын тағы. Осындайда Католик шіркеуі басшысының жағдайды реттеуде ықпалы зор. Сөзі өтімді. Әлеуеті мықты.

Балғабек Мырзаев, «Ислам зерттеулері орталығы» ҚҚ атқарушы директоры:

Адамдарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, олардың тілдерінің бөлектігі емес. Оларды бір-бірінен бөлетін надандық пен араздық қана деген. Рим Папасы Францисктің Қазақстанға келуі өте маңызды. Бүкіл әлемге діндердің мақсатының бейбітшілік екенін, олардың қандай да бір қатігездіккке, алауыздыққа насихаттамайтынын, керісінше адамдарды бір-біріне бауырластыққа тарту бойынша маңызды мессенджер беретінін еңбектерінен көріп жүрміз.

Ватиканның ұстанымы белгілі. Өзге діндермен мақсаты ортақ. Бейбітшілік, ынтымақ пен мейірім. Әлеуметтік теңдік. Зұлымдықпен күрес. Діннің рөлі артқан сайын, оған сенушілер көшбасшының жолымен жүруге тырысады. Барға қанағат, жоққа сабыр танытады. Сондықтан Рим Папасы Францисктің Қазақстанға келуі тек қана біздің ел үшін емес, бүкіл Еуразия кеңістігі үшін ықпалды сапар болайын деп тұр.

Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:

Католиктермен есептеспейтін бірде- бір мемлекет жоқ. Ватиканмен есептеспейтін бірде- бір мемлекет жоқ. «2001-жылы Иоанн Павел ІІ де келіп кеткен. Соның бір сөзі бар. Әлемдік діндер мына иудаизм, христиан, ислам болсын, бұлардың түбі бір. Егер біз айырмашылықтарына көңіл бөлетін болсақ, соған басымдық беретін болсақ, халықтардың арасы ажырай бастайды. Ал олардың арасындағы ортақ ұқсастықтарға, құндылықтарға басымдық беретін болсақ, халықтардың басы бірігеді деген. Осы тезис өте дұрыс тезис. Меніңше Францисконың ойында да осындай мақсат бар». 08.02

Католик шіркеуі басшысының қазақ еліне сапарына күллі әлем көз тігіп отыр. Сарыарқа төсіндегі жиын - бес құрлық назарында. Католиктер көп шоғырланған Еуропа мен Америка дінбасшыларының тілеуін тілейді. Бұл - Қазақстанның еңсесін тіктеп, абыройын асқақтатары сөзсіз. Бастысы – әлемдегі қырғиқабақ қатынастар сейіліп, адамзаттың ертеңге деген сенімі артады деген үкілі үміт те бар.

Дарын Сағитов, Советхан Жағиев

Хабарламаларға жазылу