Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебпен кездесті. Мемлекет басшысы «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастыратынын айтты. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын «Әл-Азһар» университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді. Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.