Таңмен елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында съезд хатшылығының отырысы өтті. Бұл жиын әлемдегі ахуалдың күрделі уақытында болып жатыр. Геосаяси жағдай ушығып, жаһандық қауіпсіздік жүйесі бұзылды. Мұндай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті - адамдарды бейбітшілік, қоғамдық келісім секілді идеяларға үндеу, деді Сенат төрағасы. Жиында ертеңгі ауқымды іс-шараның күн тәртібі бекітіліп, әртүрлі діндердің көсемдері өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Сонымен қатар форумда қабылданатын қорытынды құжат мәтіні бекітілді. Дін лидерлері әсіресе пандемиядан кейінгі кезеңде рухани және әлеуметтік дамудағы дін көшбасшыларының рөлі тақырыбына баса көңіл бөлмек.