Германияда босқындарға көмек көрсетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германияда босқындарға көмек көрсетіліп жатыр

12.09.2022

Еуропа елдері украиналық босқындарды қоғамға бейімдеуге барын салып жатыр. Соғыс басталғалы Еуро Одақ аумағына 7 млннан астам адам келген. Оның жартысы соңғы екі айда еліне қайта оралды.

42 жастағы Светлананың екі баласымен Германияға келгеніне 6 ай. Жолдасы соғыста. Жүріп-тұруы қиын қарт ата-анасы елде қалған. Солардың амандығына алаңдап, күніне бірнеше мәрте қоңырау шалады.

Светлана Васильченко, Украиналық босқын:

Екі баламен жолдан әбден шаршаған бізді ерлі-зайыптылар үйіне жатқызып, құжаттарымызды реттеп, көмегін аямады. Көршілер де біздің Украинадан келгенімізді естіп, қолында барымен бөлісті. Тіпті, бір қария «керегіңді ал деп 100 евро бергенде»жылап жібердім.

Светлана мен өзге де босқындарға көмек көрсетіп жүргендердің бірі-қазақ қызы Жанна. Жамбыл облысының тумасы отбасылық жағдайына байланысты 30 жылдан бері осында тұрады. Қандасымыз мұнда бір аймақтан сайланған депутат.

Жанна Штрак, Айфель аймағының депутаты, шетелдіктер жөніндегі уәкіл:

Пәтерге төлейтін қаражатын, бірінші кездегі киім-кешек тамағымен бір 1500 мың евро бір басқа, сондай көмек беріліп жатыр біздің өңірде. Жастар емтихансыз өздерінің қалаған мамандығына, оқу-жайларына түсіп жатыр.

Светлана босқындарға арналған тегін интеграциялық курста неміс тілін үйреніп жүр. Жақында дүкенге жұмысқа тұрмақшы. 15 жасарұлы Никитаның да көптен бергі арманы орындалыпты.

Никита Васильченко, Украиналық босқын:

Жергілікті футбол мектебіне барып жүрмін. Футбол командасының шабуылшысы ретінде жарыстарға қатыстым. Мықты футболшы болғым келеді. Басты арманым-Украинадағы соғыс аяқталса. Әкеммен тезірек қауышып, еліме оралғым келеді.

Германия үкіметі бүгінге дейін бір миллиондай украиалықты қабылдаған. Олардың тең жартысы соғыс аяқталса Отанына оралмақ. Соңғы жүргізілген сауалнамада солай жазылған. Қалғысы келетіндерді неміс билігі қоғамға бейімдеуге ниетті Себебі, Германияда денсаулық сақтау, сауда, көлік, логистика салаларында 900 мыңдай жұмыс орны бос тұр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу