Күз басталысымен өңірлер қысы қытымыр әрі ұзақ елордаға жаз бойы еккен теккендерін әкеп, арзан бағада саудалайды. Осы демалыста жәрмеңкені Сыр елі қыздырды.
Бас қалада Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Сыр диханшылары мен кәсіпкерлері халыққа 500 тоннадан астам өнім түрлерін жеткізген. Жәрмеңкенің алғашқы күні қарасы қалың болды. Қызылорданың 70-ке жуық шаруасы мен кәсіпкері елордаға 50 жүк көлігімен өнім жеткізді. 30 түрлі тауар тиелген. Оның ішінде аймақтың брендіне айналған, көпшіліктің таңдауы күріш те бар.
Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Түрлі өнімдерді нарық бағасынан 20 пайызға дейін арзанға сатып жатырмыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу үшін үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Оның үстіне елге қолжетімді бағамен азық-түлікті сату бойынша тапсырма бар.
Сыр өңірінің еңбеккерлері елордалықтарға ет, сүт өнімдерін, көкөніс пен жеміс-жидектерді, бақша өнімдерін молынан әкелді. Қалалықтар Арал балығын, ас тұзын, қауыны мен қарбызын қызығушылықпен алып жатыр.
«Астана Арена» жанында ұйымдастырылған жәрмеңке ертең де өтеді. Айта кетерлігі, Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталады. Демек, өзгелер қызыққан сапалы әрі экологиялық таза өнімдерді елордалықтардың ертең де сатып алуларына мүмкіндіктері бар.
Дарын Сағитов