Шалғай елдімекендерде босанатын әйелдер үшін қолайлы орта мен тиімді инфрақұрылым жетіспейді. Бұл туралы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында айтылды.
Өңірлердегі жағдайды аралап көрген комиссия мүшелері өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, ана мен бала өлімін азайту жөніндегі республикалық және жергілікті штабтардың жұмысын жандандыру қажет. Оны денсаулық сақтау министрі мен өңірлердің әкімдері басқаруы тиіс. Сондай-ақ, фельдшерлік-акушерлік пунктер мен дәрігерлік амбулаторияларда медициналық қызметкерлер тапшы.
Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:
Өкінішке орай, соңғы жылдары еліміздің ана мен бала өлімі көрсеткіші өзекті тақырып болып отыр. Үнемі назар аударатын, әлеуметтік көмекті қажет ететін ең өзекті сала. Сондықтан біз биыл осы тақырыпты терең зерделеу мақсатында Ұлттық комиссияның жанынан арнайы мониторинг тобын құрған болатынбыз.