Елдің 12 өңірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқан жоқ. Әсіресе, Шымкент қаласы, Түркістан мен Ұлытау облыстары. Олар белгіленген нысаналы индикаторларды орындамаған. Бұл туралы Үкіметтің инвестициялық штабының кезекті отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
Дегенмен, биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі артқан. Жалпы соммасы 6,9 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде жылжымайтын мүлік операциялары, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ энергетика, өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады. Сонымен қатар, жиында Президент тапсырмасы шеңберінде шетелдік компанияларды Қазақстанға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Мәселен, таргеттелетін 310 компанияның 51-і елімізде өндірісті шоғырландыру бойынша келіссөздерді бастаған.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
Қазір бізде бірқатар инвесторлардың өз өндірістерін көшіруге байланысты мүмкіндіктер терезесі ашылып жатыр. Сондықтан, министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін салуы керек. Инвестициялар бойынша жақсы серпін болуы үшін бізге алдағы жылдарға дұрыс жоспар құруымыз шарт. Бұл жұмыс орындарын құру және экономикамызды әртараптандыру тұрғысынан өте маңызды. Тиісті жұмыстар әр өңірде жүргізілуі тиіс.