Павлодар өңірінде «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар өңірінде «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды

09.09.2022

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа қатысты бұрын жарияланбаған тың мәліметтер анықталды. Павлодар өңірінде ғалымның «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды. Сонымен қатар кезінде Керекудің «ақ түрмесі» деп аталған, талай боздақ ажал құшқан абақтыда Байтұрсыновтың да қамауда отырғаны туралы деректер шықты.

Беттері сарғайып, көмескі тартқан көне кітап төте жазумен жазылған. 93 беті сақталыпты. Мұқабасы болмағандықтан нақты қай жылы шыққаны белгісіз. Құнды жәдігерді Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне Аққулы ауданының тұрғыны Нұрлан Қасымов әкеліп тапсырған. Атасынан қалған мұраны бастапқыда құран кітабы деп ойлапты.

Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

Құран деп сақтап жүрген ғой бұл кісілер. Ішінде құран да болған. Құранды мешіт имамы алып қалып, бұл кітапты қайтарып жіберген. Бұл таприхқа қатысты деп. Содан біздің қорымызға түсіп отыр. Бұл кітап 1911 жылы бір рет Орынбор қаласында және 1914 жылы екі рет басылып шыққан.

А. Байтұрсынов Кереку түрмесінде отырған

Тағы бір тың мәлімет Ахмет Байтұрсыновтың Павлодар түрмесінде қамауда болғаны. Қылмыстық іздестіру саласының ардагері Серік Күлбаев бала кезімде «Керекудің ақ түрмесі» аталған мекеменің жанында тұрдық-дейді. Алашордашылар мен саяси тұтқындарды тергеп, аяусыз жазалаған. Бұйрықтардың дені сот шешімінсіз, табан астында орындалған. Сол кезде түрмеге түскен Алаш көсемдеріне жергілікті тұрғындар ас, суын үзбей апарып отырды- дейді ол.

Серік Күлбаев, Құқық қорғау саласының ардагері:

Осы түрмеде Байтұрсынов отырды, Бөкейханов отырды, Солженицын отырды. Сосын осы түрмеден оларды Ресейге әкетті. Үлкендер айтып отыратын Байтұрсыновты әкелгенде бүкіл қала дүрлікті деп. Ол кім екен-деп іштей ойлайтынмын. Есейе келе білдік, түсіндік. Осы түрмеде кісілерді атқан. Оғанда еш күмән жоқ.

Әлейхан Бөкейхановтың біраз уақыт бойы «ақ түрмеге» қамалғаны жайлы архивте дерек бар. Өңір ғалымдары енді Ахмет Байтұрсыновқа қатысты мәліметтерді зерттеп жатыр.

Бақытгүл Қапасова, ғалым, профессор:

Ахмет Байтұрсынов қазақтың тұтас қажеттілігін, қазақ ұлт болып қалуы үшін не қажет деген жолда күресіп өткен адам. Мына бүгінгі жаһандану заманында, ақпараттардың заманында Ахмет Байтұрсынов бізбен бірге ары қарай кетсе, қазақ деген ұлт қалады, қазақ деген ұлттың рухани әлемі қалады.

Ұлт зиялыларына қасірет шектіргендер ол кезде құжаттарды қалдырмай Омбыға жөнелтіп отырған. Қазір мәлімет алмасу оңайға соқпай тұр, бірақ ақиқатқа жету мұратымыз -дейді ғалымдар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу