Шығыста өрт әлі өшкен жоқ. Тілсіз жаумен күрес Қатонқарағай мен Күршім ауданында қиынға соғып тұр. Өйткені арнайы техника бара алмайтын таудың беткейі өртеніп жатыр. Бірақ оған қарамастан өрт сөндірушілер жалынды негізінен қолмен өшіруге тырысып бағуда. Төтенше жағдай мамандары, орманшылар мен полицейлер, қарулы күштің сарбаздары мен сардарлары да күндіз-түні өрт ошағында жүр.
Жалпы аймақта өртті сөндіруге бірнеше мың адам мен жүздеген техника жұмылдырылған. Облыстық төтенше жағдай департаментінің соңғы мәліметі бойынша Зайсан мен Глубокое ауданында тілсіз жау оқшауланды. Дегенмен жекелеген аумақтар әлі бықсып жатыр. Аймақта соңғы бір аптада аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Ұйтқи соққан жел де өрттің өршуіне әсер етіп, сөндіруге мұрша бермей жатыр. Тек жаппай жұмылғанның нәтижесінде елдімекендер аман.