Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезі тараптардың бетпе-бет отырып күрделі мәселелерді талқылауына мүмкіндік береді. Өркениеттер алмасуы және ынтымақтастық қорының президенті Имам Мохамад Башар Арафаттың пікірі осы. Бұл жөнінде Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаевпен кездесуінде айтты. Елордада өтетін іргелі шара – діндер арасындағы татулықты сақтау, үйлесімді байланыс орнату үшін таптырмас алаң. Бұдан бөлек түрлі соғыс пен қақтығыстарға бірлесе қарсы тұру тетіктерін іздеу тұрғысында ерекше бас қосу болмақ. Лаңкестікке тойтарыс беріп, бір ұстанымда болу үшін саясаткерлер мен діни көшбасылардың тұрақты кездесіп тұрғаны өте маңызды, дейді ол.
Имам Мохамад Башар Арафат, Өркениеттер алмасуы және ынтымақтастық қорының президенті:
Бұл әлемдегі геосаяси жағдай күрделенген, қауіп-қатер күшейген тұста өткелі тұрған өте маңызды шара. Украина мен Африкада соғыстардың, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың куәсі болып отырмыз. Съездің басты миссиясы – бейбітшілікке шақыру. Сонымен қатар жаңадан танылып жатқан жас діни қайраткерлерге осындай шетін мәселелерді қалай шешуге болатынын үйрету, дінаралық дипломатияны дамыту ісіне де мән беру маңызды.