Қоқыс полигоны жабылсын! Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғындары осындай талап қойып отыр. Кеңдала ауылдық округына жататын бірнеше елді мекеннің халқы жағымсыз иістен тынысымыз тарылып, түрлі жұқпалы ауруларға шалдығып жатырмыз дейді. Ал экологтардың сөзінше, жүз мыңдаған тонна тұрмыстық қалдық төгілетін алаң тұрғындар өмірі үшін қауіпті. Мәселенің шешілуіне не кедергі?
Бұл - Талғар ауданында тұратын 30 мыңнан астам адамның жан айқайы. Бірнеше елдімекеннің қақ ортасында орналасқан полигонға күніне ондаған көлік қоқыс пен кәріз қалдықтарын әкеліп төгеді.
Жанар Аймұқанова, тұрғын:
Міне, құстарды көріп жатырсыздар жарты сағат болды мына жерге келгенімізге. Шыбын талап тастады. Иіске шыдау мүмкін емес. Біздің кішкентай балаларымыз бар, үлкен адамдарымыз бар. Біздің ауыл тұрғындарының 80%-ы аллергиямен ауырады.
Оған қоса полигон іргесінен өзен ағып өтеді. Тұрғындардың айтуынша, кейде алаңдағы қоқыстар желмен көтеріліп, суға түседі немесе жануарлар мен құстар қалдықтарды өзен арнасына шығарып тастайды.
Өнербай Тәшімов, тұрғын:
Құлаған қоқымның бәрі жатыр ғой ішінде. Әкімдігі бар, басқасы бар, көріп отырған шығар. Осыған жазда балалар суға түседі. Неше түрлі аурулар шығады балалардан. Осыны ретке келтірсе дейміз. Одан басқа ештең сұрап жатқанымыз жоқ.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қазір қоқыс полигонын шыбын-шіркей, жабайы әрі жыртқыш құстар мен егеуқұйрықтар қаптаған. Олардың көптігі сонша жақын маңдағы ауылдарға ағылады екен. Тиісінше кейбір тұрғындар егеуқұйрықтардың шабуылына тап болған. Бұлай жалғаса беретін болса қауіпті індет өршуі мүмкін дейді,экологтар.
Мамандар полигоннан сынама алып, жан-жақты тексеріс жүргізген. Оның қорытындысы бойынша ауаға тараған лас заттардың мөлшері шамадан 10 есе асып кеткені анықталған.
Мирас Байсейітов, Талғар ауданы экологиялық кеңесінің төрағасы:
Бұл полигон тұрғындар өміріне қауіп төндіріп тұр. Оның тереңдігі 35 метрге дейін жетеді. Яғни, жер асты суларын да улап жатыр. Маңайдағы ауылдарда әлі күнге дейін құдықтан су ішетіндер бар. Біз тиісті мекемелерге хат жолдадық. Бірақ әлі күнге ешқандай жауап алмадық.
Полигон орналасқан 30 сотық учаскені жеке кәсіпкер 2018 жылы қоқыс өңдейтін зауыт саламын деп 5 жылға жалға алған. Содан бері 4 жыл өтті, алайда ешқандай құрылыс жұмыстары басталмаған. Ал, жиналған күл-қоқыс күн санап көбейіп барады.
Асылбек Қараев, кәсіпорын заңгері:
Қоқысты жинауға, оны престтеуге бізге электроэнергия керек. Сол мәселелерді шешуге арнайы облыстан комиссия келеді осы жақын күндерде. Журналистер, тұрғындар көтерген мәселені аудан әкімі шеше алмағаннан кейін бұл іске облыс әкімі араласып қазір үлкен комиссия келе жатыр.
Полигон иелерінің сөзінше, зауыт салу үшін тағы жер керек екен. Ал ауыл халқы қоқыс алаңының мүлдем жабылуын талап етіп отыр.
Нұрсұлтан Тілектес