Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» басшысы Премьер-министрден тағы сөз естіді. Себебі олар елдегі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды реттей алмай отыр. Логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты үйлесімділік жоқ. Үкіметтегі жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тежеу жайы да талқыланды.
Жыл сайын қайталанатын дизел отынының тапшылығы ешкімге сабақ болмаған тәрізді. Өңірлерде жеңілдетілген жанар-жағармай операторларына әлі күнге дейін қойылатын нақты талап жоқ. Энергетика министрлігі жеңілдетілген жанармайдың шекті құнын белгілемеген. Сондықтан, баға оператордың қалауы бойынша қойылады. Жасанды тапшылық та осыдан басталады.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
«Қазақстан темір жолы» мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақытылы жеткізбеген. Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есеге өсті. Демек, Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген.
Бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу керек. Бұл үшін мұнай базалары мен ұсақ жанармай құю станцияларына бақылау жүргізетін өңірлік комиссиялар құрылады.
Бұдан бөлек, жиында өзектілігін жоймаған азық-түлік бағасының жайы да сөз болды. Сауда министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесі бойынша әкімдіктердің рейтингісін жасаған. Көш соңында Түркістан және Батыс Қазақстан облысы тұр.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
Бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Мұндай жағдай барлық өңірге тән. Түркістан облысында айналым схемасындағы қаражат көбейтілді. Бірақ оны бақылап отырған ешкім жоқ.
Бағаны тұрақтандыруға арналған «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілген. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындамаған. Ал қантқа бөлінген квота ішкі нарықты тұрақтандыра алмады. Оған қоса, ұйымдастыру мен талдау жұмысының деңгейі төмен. Әлихан Смайылов жұмысқа атүсті қарап, тапсырманы орындамайтындарға қатысты кадрлық шешім қабылдайтынын айтты.
Асылбек Данияр