Қостанай облысы: Орманды қайта қалпына келтіруге 70 жыл керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Орманды қайта қалпына келтіруге 70 жыл керек

06.09.2022

Жойылып кеткен орманның қалпына келуіне көп уақыт кетеді. Экожүйе қайта түзелгенше тіпті ғасырға жуық уақыт өтуі мүмкін. Ал бұл табиғи үрдісті қалай тездетуге болады? 

Аманқарағай Қостанайдағы ең ірі орманды алқап. Жалпы аумағы 60 мың гектардан асады. Негізінен қарағайлы орман болғанымен, кей жерде қайың, көктерек өседі. Қысы-жазы құс базары тарқамайтын бұл өлке орнитологтар мен бердвотчерлердің сүйікті орны болатын.

Алексей Тимошенко, Қазақстан биоалуандылықты сақтау қауымдастығының қызметкері:
Мұнда мекендейтін 158 түрлі құстың 80-нен астамы осы аймақта ұялайды. Оның он алтысы Қазақстанның қызыл кітабы мен халықаралық табиғатты қорғау ұйымының тізіміне енген. Сүтқоректілердің 39 түрі кездеседі. Ең ірілері – бұлан мен сібір елігі. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, сілеусін бар.

Аманқарағайдағы ағаш басына ұя салатын бүркіт тұқымдастар енді басқа өңірде балапан ұшырады. Себебі отқа оранған аймақта күлге айналған топырақ пен жансыз томарлар ғана қалды. Ал иен тоғайдың қалпына келуіне бір адамның ғұмыры жетпеуі мүмкін. Әсіресе қылқанды орманды қайта жайқалту үшін кемінде жетпіс жыл керек.

Жұмағұл Боранбай, Ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты:
Қандай орман-шаруашылық іс-шараларды жүзеге асырамыз, соны анықтап алуымыз қажет. Және де жасанды түрде орман отырғызуды қажет етеді. Енді ең бірінші мәселе, қылқанды орманды қайта қалпына келтіру ғой. Бірақ, қарағай ормандарын өсіру көптеген жылдарды, күшті қажет етеді. Сондықтан, бірінші кезекте тез өсетін жапырақты ағаштар мен ормандарды отырғызса болады.

Мәңгі жасыл мекеннің флорасы өзгерсе, аң-құсы да ауып кетеді. Сондықтан, экожүйе баяғы қалпына келтірілуі керек. Ал облыс аумағындағы көшет-жайлар өрт шалған 43 мың гектарды қамти алмайды. Сондықтан көрші аймақтардан жас қарағайлар жеткізілуі мүмкін. Экология министрлігінің мәліметінше алдағы бес жылда Қостанайдың 28 мың гектар жеріне 168 миллион түп ағаш отырғызылмақ.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу