Әсіресе Бағаналы, Басаман ауылдары тұсында тілсіз жаумен күрес толастамай тұр. Өткен түні өрт Бағаналыдағы шеткі үйлерге жақындап келген.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Дәл осы сәтте 4 бірдей от ошағы өшіріліп жатыр. Оның үшеуі бықсып түтіндеп жатқан орындар. Ал біреуі осы Бағаналы ауылының тұсында ашық жанып жатыр. Бірақ жалынның екпіні баяу, яғни жанып жатқан ағаш түбіндегі бұта, шөптер. Өрт аумағында екі жүзден аса техника бар. Оның бірқатары қауіпсіздік үшін ауылды күзетіп тұр. Қалғаны ормандағы отпен күресуге жұмылдырылған. Сондай ақ үш тікұшақ төбеден су төгіп өрттің күш алып кетуіне жол бермей жатыр.
Айта кетейік, өткен түні өрт күшейіп, оның жалыны жиырма отыз шақырымға дейін көрініп тұрды. Көршілес ауылдарды қою түтін басты. Алайда көпшіліктің қажырлы әрекетінің арқасында өрт ауылға жетпей өшірілді. Өрт сөндірушілер, әскерилер, жергілікті тұрғындар мен еріктілер бар, барлығы екі мыңнан аса адам тілсіз жауға қарсы күресті. Қазір жалпы облыста жағдай тұрақты. Біз жағдайда әрі қарай да бақылауда ұстап, көрерменді хабардар етіп отырамыз.