Шығыстағы ел-жұрт та Қостанайдағы өрттен зардап шеккен ағайынға көмек көрсетуді бастап кетті. Арнайы штаб құрылып, тұрғындар қажетті заттарды әкеліп жатыр. Ал кешеден бері шығыстың өзінде де алапат өрт. Алтай ауданы Зырян орман шаруашылығына қарасты Быков орманшылығы аумағында қу шөп пен бұта өртеніп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша 167 гектар аумақ отқа оранған. Ең бастысы елдімекендерге қауіп жоқ.Ешкім зардап шекпеген. Ал өртті сөндіруге жалпы 25 техника мен 400-ге жуық маман жұмылдырылды.
Тек өрт сөндірушілер ғана емес, Алтай ауданы және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері де көмектесіп жатыр. Тілсіз жау қанша аумаққа жайылғанын көру үшін «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің АН-2 ұшағы әуеден шолып шықты. Өрттің ошағы биік тау мен құз жартаста болғандықтан техникамен жету қиын. Сондықтан суды арнайы суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы тасымалдап жатыр. Қазіргі уақытқа дейін 10 тоннадан астам су шашылған.Осы алапат өртке байланысты облыста жедел штаб қүрылды.