Мемлекет – «түнгі күзетші» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет – «түнгі күзетші»

04.09.2022

Сайлау науқаны алдында қоғамда резонанс тудыратын ұсыныстар айтыла бастайды. Бұл жолы Нұр-Сұлтан төңірегінде қызу пікірталас. Мәжілістің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы бас қаланың ескі атауын қайтаруды сұрап отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың соңында былай деді: «Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз».

Әрине, дамуды таңдағымыз келеді. Соған жетелейтін жетік технологиямыз, өндірісіміз болса екен дейміз. Бірақ әлі де шикізатты елміз. Бәлкім, бағдарламалар шикі шығар?! 
Мәселен, экономиканы диверсификациялау, яғни тұрлі өндіріс салаларын дамытып әртараптандыруға қатысты қаншама жоба болды. «30 корпоративті көшбасшы», «кластер», «бәсекеге қабілетті экономика», Индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы болды. Одан кейін 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық жоспары енгізілді.

«Үдемелі» сөзі қосылғанымен, жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіп үлесі артып кеткен жоқ. 
Ең соңғы бағдарлама 2025 жылға дейін еді. Бірақ күші жойылды. Ондаған жылдар бойы осы бағытқа бөлінген миллиардтар Үкімет межелеген индикаторларды өзгерте алмады. Сол себепті бізде битум тапшы, қант қат, жанар-жағармай жетіспейді.

Президент экономикалық саясаттың жаңа моделін жасау керектігін жариялады. Оның басты бағыты - мемлекет экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. Бұл ұстаным классикалық либерализм дәстүріндегі «түнгі күзетші» моделіне ұқсайды. Мемлекет «түнгі күзетші» ретінде азаматтардың ұйқысы тыныш болуын, заңның сақталуын бақылайды. Ал экономиканы квазисектормен, интервенциямен, дотациямен, субсидиямен, бағаны күштеп ұстаумен реттеу сәл азаяды. Яки, мемлекет нарықтағы экономикалық агенттердің өзара байланыс ережелерін белгілеуі, олардың орындалуын қадағалап отыруы тиіс.

Экономикалық еркіндік кәсіпкерлердің ілгерілеуіне жол ашады. «Жаңа экономикалық саясаттың» бағыттарын Досжан Маратұлы сараптайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді.

Президент ұсынған жаңа экономикалық саясаттың негізі – бәріне теңдей мүмкіндік жасау. Яғни тек олигархиялық топтарды қолдап, мемлекеттің байлығын бұған дейін айтылғандай 162 адамның қолына ұстатып қоюға болмайды. Кәсіп ашамын дегендердің барлығына тең мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл мемлекет басшысының бір емес, бірнеше рет қайталап айтқан принципі.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Біздегі енді 30 жылдың ішінде қалыптасқан миллионерлер олардың бәрі жаңағы авторитарлық тұрғыда бір адамға ғана мүмкіндік берудің арқасында туындаған миллионерлер ғой. Сондықтан бұлардың орынын қазір талабы зор, таланты мол іскер азаматтар басуы керек деп отыр. Адал азаматтар басуы керек міне мәселе осыда.

Бәріне теңдей мүмкіндік жасалуы үшін мемлекеттің өзі бұдан былай экономикаға көп араласпауы керек. Өйткені Қазақстан нарықтық ел дегенімен, бағаны реттеу, шектеу секілді кеңестік кезеңнен қалған тәсілдер әлі сақталып келеді. Бизнестің дамуын тежейтін мұндай директивті әдістен бас тартуымыз керек, деді Тоқаев.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Бізде үкімет жейтін нанның, құйылатын бензиннің я шығатын газдың бағасын анықтап, болмаса осыдан жоғары болмауы керек дегені Қазақстан азаматтарына тиімді шығар. Бірақ біз осыны өндіріп отырған болмаса осыны шығарып отырған өндіру компанияларын қандай жағдайға қалдырып отырмыз. Мысалы нан өндіру құны 150 теңгеге шықса шығыны оған билік 110 теңгеге сат десе ортасындағы 40 теңгені қалай толтырмақ? Субсидия дейтін болса, ол да алдамшы. Субсидия неден төленеді? Мемлекеттік бюджеттен төленеді. Мемлекеттік бюджет қайдан жиналады? Сіз бен біздің төлеп отырған салығымыздан жиналады. Сонда мына қалтадан алып мына қалтаға салу.

Тағы бір мәселе шикізатқа тәуелділікті азайту. Ол үшін экономиканы әртараптандыру керек. Десе де бұл мәселе 97 жылы қабылданған «Қазақстан 2030»-дан бастап бертіңге дейінгі ауқымды экономикалық бағдарламаларда айтылып келді. Бірақ диверсификация афоризм күйінде қалды дейді сарапшылар. Өйткені экономикамыз әлі күнге дейін мұнайға тәуелді.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Әр аймақтың өзінің ерекшелігі бар, өндірістік, өнеркәсіптік. Президент өзі айтып отыр біз табиғи газға мұнайға металға басыбайлы болмауымыз қажет. Біз керісінше орта бизнестен бастап жеңіл өнеркәсіпті әрбір аймақтан күшейтуіміз керек. Егер сонда әкімшіліктен кедергі болатын болса, оның бәрінің өзінің жауапкершілігі болады.

Экономика әртараптанса, еңбек өнімділігі де арта түсетіні заңды. Президент осыған да ерекше мән беруді тапсырды. Бірақ өнімділікті ғылыммен инновациямен дамытуға тырысуымыз керек. Өйткені смартфон, компьютер секілді жасанды интеллект өндірісі әлемдік экономикадағы негізгі қозғаушы күшке айналып отыр. Бізде кенже қалған салаға көңіл бөлу тапсырылды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Экономикалық өсім болуы үшін макроэкономикалық тұрақтылық қажет. Яғни жұмыссыздықтың белең алып, инфляцияның шарықтап, теңгенің құлдырауына жол бермеуіміз керек деді президент. Әрі Үкіметтің жұмысын сынға да алды. Өйткені қант, солярка, битум тапшылығы секілді мәселелерге жол беріп, батыл шешім қабылдай алмай отыр. Енді жолдауды іске асыруда олқылық жіберсе, ауыс-түйістер болатынын Президент үкіметке қатаң ескертті.

Хабарламаларға жазылу