1,5 жасқа дейін бала күтіміне арналған жәрдемақы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға төленеді. Ал ең төменгі еңбекақыны арттыру механизмдері 2023 жылдың желтоқсан айына дейін еңбек кодексіне енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
Биылғы жолдауда Президент ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған. Осының арқасында 1 млн 800 мың адамның табысы артады. Министрдің сөзінше, ол үшін ең алдымен есеп-қисап жасау қажет. Бұл жұмысқа халықаралық сарапшылар да тартылады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Ал ең төменгі еңбекақыны анықтау және оны кезең-кезеңімен өсіру методикасын әзірлеу үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын тарта отырып, зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жаңа методиканы 2023 жылдың наурыз айына дейін дайындаймыз. Ал келісілген методиканы және ең төменгі еңбекақыны арттыру механизмдері 2023 жылдың желтоқсан айына дейін ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заңға және еңбек кодексіне енгізіледі.
Раушан Сайлауқызы