Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жолдаудың саяси салмағы мен басым бағыттары туралы пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жолдаудың саяси салмағы мен басым бағыттары туралы пікір білдірді

02.09.2022

Бір реттік президенттік билік саяси жүйені ұзақ мерзімді тұрақтандыруға, билікті монополиялау тәуекелдерін жоюға және демократияның негізгі принциптерін нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.

Оның пікірінше, Президент жолдауы ел тарихындағы жаңа саяси белес. Президенттің бүкіл сайлау кестесін жария ету туралы шешімі Қазақстанның саяси тәжірибесі үшін бұрын-соңды болмаған қадам. Алдымен Президент сайлауын, одан кейін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары сайлауын өткізу елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті әрі стратегиялық міндеттерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

Ал Президенттің өкілеттігін 7 жыл бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысы Парламентте мақұлданса, Қазақстанның саяси жүйесінің болашағын айқындайтын шешім болмақ. Бұл бастама суперпрезиденттік модельден түпкілікті шығу үшін жасалған қадамдардың жалғасы.

Жалпы, Жолдауда айтылған барлық саяси бастамалар «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласын жан-жақты нақты мазмұнмен толықтырды, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин, ҚР мемлекеттік кеңесшісі:

Жолдаудағы негізгі бастаманың бірі – Президент мандатын 7 жылдық бір реттік мерзіммен қайта сайлану құқығынсыз шектеу болды. Бұл ұсыныс – бүге-шігесіне дейін сарапталған шешім. Бір тұлғаның Президент болып 7 жылға бір рет қана сайлануын алыс-жақын ортада теңдесі жоқ саяси инновация деуге болады. Бұл суперпрезиденттік модельден кетудің түпкілікті жалғасы. Тұтастай алғанда, Жолдауда ұсынылған саяси бастамалардың бәрі мемлекеттік құрылысымыздың «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты негізгі формуласын кешенді түрде нақты мазмұнмен байытады.

Хабарламаларға жазылу