Әйелдердің зейнетке шығу жасы кемиді. Балалар төлемақысының мерзімі ұзартылады. Ең төменгі еңбекақы мөлшері өседі. Жолдауда әлеуметтік бағыттағы өзгерістер легі осындай.
Бала күтіміне қатысты төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылады
Әлеуметтің әлеуетін арттыру бізде әуелден бар. Қолдау тағы артады. Сәбиге төленетін жәрдемақы мерзімі ұзартылады. Жөргекпұл бала бірге келгенше беріліп келген еді. Бірақ, көптің қалауы ескеріліп, төлем жүйесіне өзгеріс енгізілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
«Ұлттық қор – Балаларға» жобасы жүзеге асады
Ұлттық қор – елдің қуатты қаржылық тірегі. Талай дағдарысты еңсерді. Енді балаларға дем бермек. Өйткені, қорға қаражат көктен келіп жатқан жоқ. Табиғи байлықтың түсімі. Ал оның игілігін әр отбасы көруі керек. Сондықтан, жыл сайынғы инвестициялық табыстың тең жарымы балалардың есепшотына аударылып тұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын.
2023 жылы 100 мың жасқа жұмыс беріледі
Жыл сайын елде шамамен 400 мың сәби дүниеге келеді. 18 жасқа толғанша әр баланың есепшотына кемі бір жарым млн теңге қаражат жиналады. Бала өскеннен кейін қолдау кемімейді. Келер жылы 100 мың жасқа жұмыс беріледі. Әсіресе кәсіпкерлік бастамасы бар жас буынды демеп жіберуге мемлекет дайын. Жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз ғана болатын шағын несие беріледі. Көптің тағы бір талабы – зейнет жасы. Соңғы кездері тіпті жиілеп кетті. Бейнеттің зейнетін ертерек көруге әсіресе әйелдер ынталы. Тоқаев қоғамның бұл қалауын да құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз.
Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы мәселені көтеріп жүргенімізге 2 жылдан асты. Халықпен кездескенде көп жерлерде осы соңғы кездесулерде де мен айтып жаттым сұрағандарға. Біз қарастырып жатырмыз. Міне бүгін халықтың алдында жүзіміз жарық. Өзіміз қуанып тұрмыз. Біз ойлағандай болмаса да осы 61 жастың өзі де қазірше үлкен жетістік болып тұр.
Ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңгеге жетеді
Мың құбылған баға халықтың ырқына бағынар емес. Сондықтан ең төменгі жалақы көлемін өсірмесе болмайды. Ол үшін жүйеге жаңа тәсіл енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Асима Нұрбайқызы