Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Әуелі ұлт саулығын жақсарту міндеті тұр. 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындары үшін жаңа ұлттық жоба әзірленбек. Медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны көбейеді. Ал білім беру бойынша балабақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектепте білім алуға жағдай жасалады. Бұдан бөлек, енді ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды. Бұл 1,8 млн адамның табысына тікелей әсер етеді. Ал әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап бала күтіміне арналған төлемақы 1 жарым жасқа толғанға дейін берілетін болды. Ал кәсіпкер жастарға да қолдау бар. Оларға 2 жарым пайызбен несие берілмек. Одан бөлек, «Ұлттық қор –балаларға» бағдарламасы әзірленбек. Енді ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін аударылып отырады.