Мемлекет басшысының Жолдауын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – Сенаттың басты міндеті. Парламент сенатының жаңа сессиясын ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президенті айқындаған міндеттерді іске асырудың маңызына тоқталды. Ол үшін Мәжіліспен және Үкіметпен бірге қажетті, сапалы заңдарды уақытылы қабылдаудың маңызы зор дейді. Палата отырысында елімізде жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған сенаторлар халық алдында ант берді. Олар палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына қабылданды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бағыттары бойынша маңызды бастамалар айтылды. Оның бәрі – Жаңа Қазақстан құруға арналған нақты қадамдар. Соған байланысты Парламентке бірқатар заңнамалық міндет жүктелді. Сенат бұл бағытта белсенді және тиімді жұмыс істеуге дайын. Бұл – біздің басты міндетіміз.