Ресей экономикасының құлдырауы 2024 жылға дейін жалғасуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей экономикасының құлдырауы 2024 жылға дейін жалғасуы мүмкін

26.08.2022

Ресей экономикасының құлдырауы 2024 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Елдің орталық банкі осындай болжам жасап отыр. Қазірдің өзінде әлемде салынған санкция бойынша бірінші орынға шыққан көршіміздің жалпы ішкі өнімі 4 пайызға төмендеді. Ал еңбек мигранттары елден кетуге асық.

Ресейде он миллионға жуық еңбек мигранты жұмыс істейтін. Жарты жылдан бері 2 есеге азайды. Өйткені шетелдік жұмысшылардың жалақылары 50 пайызға төмендеді. Бірнеше жылдан бері Мәскеуде жұмыс істеген Усик Агдаян еліне қайту үшін жолына ақша таппай жүр.

Усик Агдаян, еңбек мигранты:

Пәтер жалдау қиын, күн сайын достарым мен таныстарымның үйін паналаймын. Бұл дағдарыс біз сияқты қарапайым адамдарға өте ауыр тиді. Не істерімді білмеймін.

Тамыз айының ортасында жылдық инфляция деңгейі 14 пайызға жетті. Импорт көлемі азайып, азық-түлік бағасы өсті. Кесірінен халықтың сатып алу қабілеті төмендеген.

Зинаида Яковлева, зейнеткер:

Кофе, сүт өнімдерін сатып алуды қойдық. Бағасы ұшып тұр. Зейнеткерлер тұтынатын азық-түлік бағасы өсті.

Николай Долгополов, сарапшы:

Әрине, санкцияның теріс әсері бар. Оны мойындауымыз керек. Тығырықтан шығудың жолын іздеп, құжат жүзінде біршама жобаларды бекіттік. Оны сәтті жүзеге асыра білсек, жағдай жақсарады.

Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралардан нәтиже болмай тұр. Алғашқы жарты жылда жиналуы тиіс салық көлемі азайған. Бюджет тапшылығы ұлғайып келеді. Сарапшылар Ресейде келер жылы жағдай бұдан да ауыр болуы ықтимал екенін айтады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу