Түркістан облысының Жетісай қаласында базар өртеніп, бес жүзге тарта саудагер шығынға батты. Түн ортасында басталған өрт мыңға жуық шаршы метр жерді шарпыған. Ондадағы тауарлардан түк қалмады. Шығынға шаш етектен батқан саудагерлер өрттің дер кезінде сөндірілмегеніне налиды. Базар қожайынынан өтемақы талап етіп отыр.
Мейірбек Орыновтың «Күлпаршын» базарында бес бірдей сауда орны жанып кетті. Кәсіпкер бір түнде барымнан айырылып қалдым деп жыларман күйде. Жаңа оқу жылы қарсаңында қолындағы бар ақшасына тауар әкеліп, толтырып қойған ол миллиондаған шығынға баттым дейді.
Мейірбек Орынов, кәсіпкер:
Осы екі бутиктің шығыны 55 млн теңге болып тұр. Ана жағымда бес млн теңгелік товар көкке ұшып кетті. Жанып кетті. Бір зат, бір түймесін ала алған жоқпын. Охраналары жоқ ашпады, Пожарныйлар суларын толтырмаған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 16 техника мен елуге тарта өрт сөндіруші жұмылдырылған. Бірақ дер кезінде сөндіре алмай, базардың басым бөлігі отқа оранды. Төтенше жағдай қызметінің өкілдері өрттің жылдам таралуына ұйытқыған жел де себеп болуы мүмкін дейді.
Досан Жамеддинов, Жетісай аудандық ТЖБ бастығы:
Түнгі сағат 02:47-та жеткен кезде базардың елу пайыздан астамы толық өртке оранған еді. Шамамен секундына 13-15 метр жел тұрып тұр еді дәл сол уақытта. Сол желдің несімен өрттің ошағы күшейіп кетті.
Түннен бері базар жағалап, бірде бір тауарын аман алып қала алмаған кәсіпкерлер бүгін сауда орталығының басшысын сұрақты астына алды. Айтуларынша, кәсіпкер тек ақша жинаумен айналысқан. Ешқандай жағдай жасамаған. Күзетке де, сақтандыруға да теңге төлеп келдік дегендер кеткен шығындарын қайтаруды талап етті.
Кенжеқыз Лесбаева, кәсіпкер:
Біздің налогымызды алып отыр ай сайын, Охранамызды алып отыр ай сайын. Оның бәрі қайда кетеді. Мына үй жайымыз не болады бұл. Күн көріп отырғанымыз бір базар. Жауап беруін талап етеміз. Шығынды өтесін. Шығынды өтесін, шығынды.
Түн ортасында тауарын шығарып алуға ұмтылған екі кәсіпкерді күйік шалып, аудандық ауруханаға жеткізілген. Басқа зардап шеккендер туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Базардың басшысынан мардымды жауап ала алмаған саудагерлер Жетісайдың көшелерін жапты. Болмаған соң облыстан арнайы басшылар келіп, халықты сабырға шақырды.
Қайрат Балабиев, Арнайы құрылған комиссияның мүшесі:
Кредиті бар азаматтарға, кәсіпкерлерге бір жылға дейін, екі жылға дейін шегерілетін болды банкқа. Біз хат беретін болдық. Сондай-ақ, фонд құратын болдық. Сол фондқа жиналған ақшаны базардың сол активистеріне счет ашылып, соларға ақша келіп түседі. Сол адамдарға шығынды жартылай өтейтін болды.
Жергілікті билік өкілддері 15-20 күн ішінде сауда қатарлары қалпына келтіріліп, бір жылға дейін алым алынбайды деп кәсіпкерлерді сендірді. Кеткен шығынды да ішінара төлеуге уәде етті. Әр кәсіпкерден шығын туралы мәлімет алып, өтініштерін қабылдады. Ал, миллиондаған шығынға батқандарға өтемақы төлене ме жоқ па? Ол жайлы базар басшылығы ешбір мәлімет бермеді. Тек қорға түскен ақшамен шектелеміз дегенге келтірді.
Айнұр Ақбаева