Қызылордада заманауи жылу электр орталығы салынатын болды. Энергетика министрлігі ұйытқы болған ауқымды жобаға түркиялық инвесторлар қаржы құймақ. Аймақ үшін маңызды нысанның құрылысы биыл басталып, 2025 жылы ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
Сырдың бас шаһарындағы өзекті мәселенің бірі жылу электр орталығы. Бүгінде қаланы электр энергиясымен қамтып отырған стратегиялық нысан ескіріп, әбден тозығы жетіп тұр. Жыл өткен сайын оны ұстап тұру да қиынға соғуда. Сондықтан, орталықты күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі, жаңасын салған әлдеқайда тиімді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының қолдауымен. Құны 215 миллиард теңгені құрайтын 240 мВт электр жарығын беретін үлкен жылу орталығының құрылысы басталатын болды. Әлемге белгілі «Акса Энерджи» компаниясымен келісім-шартқа қол қойдық.
Тың жобаны еліміздің Энергетика министрлігі сүйемелдеп, бақылау жүргізеді. Жалпы бұл инвестор қаржысына салынатын республикамыздағы алғашқы жылу электр орталығы болмақ.
Гүлжан Қалижанқызы, ҚР Энергетика министрлігінің өкілі:
Бұл жаңа бу газ электро станциясы еліміздегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Біз енді өз тарапымыздан 15 жыл ішінде электр қуатын сатып алуға кепілдік береміз.
Заманауи жылу электр орталығын осы салада мол тәжірибесі бар Түркияның «Акса энерджи» компаниясы салады. Олар бұған дейін де әлемнің бірнеше елінде осындай жобаларды жүзеге асырған. Шарт бойынша құрылыс үш жылға есептелген. Бірақ, инвестор мерзімінен бұрын аяқтауға күш саламыз деп отыр.
Мұстафа-Кемал Иылмаз инвестор:
Құрылыс жұмыстарын желтоқсан айында бастауды жоспарлап отырмыз. Жыл электр орталығы заманауи технологиялармен салынатын болады. Кәдімгі газдан энергия өндіретін боламыз.
Бірер жылда 240 мегават электр энергиясын өндіретін орталық пайдалануға берілсе, Сыр өңірі қуат көзіне деген тәуелділіктен арылып, өз-өзін толық қамтитын болады.
Әділбек Серікұлы