Тегін үйірме: Алматыда ата-аналар бағдарламаның жабылуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін үйірме: Алматыда ата-аналар бағдарламаның жабылуына қарсы

25.08.2022

«Артспорт» маңайындағы дау ушығып барады. Бүгін алматылық ата-аналар әкімдік алдына жиналып, бағдарламаның жалғасуын талап етті. Осыған дейін қала әкімі жобаның қаржыландырылуы 1 қыркүйектен бастап тоқтайтынын айтқан.

Ақторғын Махамбетәлиеваның балалары «Art Sport» бағдарламасы арқылы тегін үйірмелерге барып жүр. Егер оның жұмысы тоқтаса, перзенттерімді ақылы клубтарға беруге жағдайым жетпейді, - дейді ана.

Ақторғын Махамбетәлиева, қала тұрғыны:

4 балам бар. Үшеуі үйірмеге барады. Арт Спортты тоқтатыз дейді. Мен оған қарсымын. Міне, бүгін ата-аналар жиналып тұрмыз. Әкімнен тоқтатпауын сұраймыз.

Алып шаһардың өзінде 100 мыңнан астам бала 600-ге жуық үйірмеге барып жүр. Жобаның ауқымдылығын осыдан-ақ аңғарып, әр қара іске асыру қажет дейді ата-аналар.

Ольга Орынбасарова, қала тұрғыны:

Бағдарлама басқа қалаларда жұмыс істеп тұр. Неге екенін білмейміз Алматы әкімі қана бұл жобаны тоқтатуға бел буды. Ол заңсыз әрекетке барды деп есептейміз.

Қалалық Мәдениет басқармасы өкілдерінің сөзінше, платформаның кемшіліктері көп. Ал, жауапты компания оларды түзетуге құлық танытпаған.

Ғани Майлыбаев, Қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

3 ай бұрын біз бәріне түсіндіріп айттық бұл платформаның кемшіліктерін. Жаңа талаптарымызбен, жаңа ескертпелеріміз бен ұсыныстарымызды бердік. Ол талаптар орындалмаған. Басқа да платформалар бар. Осы бағдарламамен жұмыс жасауға дайын тұрған. Соның арасынан біз қазір қарап жатырмыз.

Жаңа платформаның жобасы қыркүйек айында алматылықтар назарына ұсынылады. Бірақ, оның нақты іске асу уақыты белгісіз. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер екі ортада біз жапа шегеміз деп отыр.

Мария Цай, кәсіпкер:

Біз жыл соңына дейін келісімшартқа отырдық. Педагог пен жаттықтырушыларды жалдаймыз. Олар табыссыз қалғалы тұр. Қаржыландыру болмаса , балаларды қалай оқытамыз?!

Сондықтан кәсіпкерлер мен ата-аналар бағдарлама тоқтатылса, сотқа жүгінеміз деп отыр. Олардың соңғы үміті - Президентте. Егер мәселені шаһар әкімі шеше алмаса, мемлекет басшысына Үндеу жолдаймыз деп бекініп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу