Павлодарда мұнай өнімдерін вагондап шетел асыруға әрекеттенген компания өкілдері ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда мұнай өнімдерін вагондап шетел асыруға әрекеттенген компания өкілдері ұсталды

25.08.2022

Елде бензин тапшы кезде Павлодарда мұнай өнімдерін вагондап шетел асыруға әрекеттенген компания өкілдері ұсталды. Ал, кей жанар-жағармай құю бекеттері қолдан қымбатшылық жасап, бағаны заңсыз көтерген. Еске сала кетейік, бұл аймақ мұнай өнімдерінің бағасы күйіп тұрған Ресейдің үш бірдей өңірімен шектеседі. Сондықтан өткізу бекеттерінде бақылау күшейді.

Павлодар мұнай-химия зауыты күніне 6 мың тонна бензин, осынша көлемде дизель отынын шығарады. Елдегі тапшылықты ескеріп кешелі бері 8 мың тоннаға арттырды. Аймақтағы 147 жанармай құю бекетінің 52-і бензин мен дизель отынын зауыттан тікелей алып отыр. Талонмен босату енгізілмеген, сатылымда шектеу жоқ.

Қуаныш Бишімов, Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры:

Бүгінгі күні біз 2 млн 998 мың тонна мұнайды өндірдік. Дайын өнімнен 856 мың тонна бензин, 974 мың тонна дизель отыны шығарылды. Жылдық жоспарымыз 5 млн 466 тонна шикі мұнай өндіру. Біз оны орындаймыз.

Жанар-жағармай бар. Бірақ кей кәсіпкерлер соны көтерме бағамен сатып алып, жеке пайдасына жаратуға тырысқан

Арман Жүнісов, Экономикалық қылмыстарды тергеп-тексеру департаментінің бастығы:

Қаржылық мониторинг агенттімен тамыз айында Павлодар өңірінде 2 іс қозғалды. Бізде бір компания Өзбекстан мен тәжікстанға детонацияға қарсы қоспа ретінде он вагон шығарған болатын. Біз ол вагондарды тексерген кезде ол вагонның ішінде қоспа емес, бензин болып шықты.

Ал, шалғай ауылдардағы жағармай бекеттерінде мұнай өнімдері қымбат бағамен сатылған. Қазір тексеру жүріп жатыр.

Ибрагим Тангиев, Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

Біздің департаментке Май ауданы әкішілігінен хат түсті. Жанар-жағармай бағасын негізсіз қымбаттатып отыр деп. Расында да АИ 92 бензинің 8 теңгеге көтеріп жіберген. Ал, дизель отының 230 теңгеден емес, 250 теңгеден сатыпты. Кәсіпкерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Тағы қайталаса сатылымдағы өнімді тәркілеп, лицензиясынан айырамыз.

Аймақта мұнай өнімдері тапшылығын тудырмас үшін кешенді жұмыс жоспары бекітілді. Оған тексеруші, бақылаушы органдар тегіс жұмылдырылады.

Себебі, көрші елде қазір мұнай өнімдерінің бағасы шарықтап тұр. Жақында экспорттық бақылау және шекара қызметкерлері қосымша бак орнатып 600 литр бензинді алып өтпек болған жүк көлігін ұстады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу