Шымкентте дизель отыны тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте дизель отыны тапшы

24.08.2022

Оңтүстікте жағармай тапшы. Бір аптадан бері көліктерге дизель отыны шекті мөлшермен ғана беріліп жатыр. Салдарынан сұйық отынның бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Транзитті жүк көліктері діттеген жеріне жете алмай орта жолда қаңтарылып тұр.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа ағылған жүк көліктері жолай кездескен әрбір май құю бекетіне кіруге мәжбүр. Өйткені шектеуге байланысты небәрі 50 литр жағар май беріледі. Бұл әрі кетсе 150-200 шақырымға әрең жетеді. 

 Алматыдан Қызылордаға сүт өнімдерін алып бара жатқан Алмастың жолы өнбей қойды. Жүргенінен тұрғаны көп. Кезіккен май құю бекеттерінде дизель отыны жоқ. Барлары қысылтаяң сәтті пайдаланып, қасақана қымбатқа сатады.

Алмас Кеңесов, жүргізуші:
Мысалы, құю бекеттеріне барсаң, 230 теңгеден бермейді. 5-10 мың теңгесін берсең береді. Ол ақиқат. Коррупция ғой. Жолай тұрғанның бәрі 330-350-ден береді. Жемқорлықты жоямыз дейді. Байып жатқан құю бекетіндегілер.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 500-ден астам май құю бекетіндегі жағдай осы. Қазақстандық көліктерге дизель отынының литрі 230 теңгеден сатылуы керек. Шетелдіктерге 450 теңге. Бірақ арзан майға бірен саран болмаса көптің қолы жететін емес.Әзірге сұйық отынның тапшылығын тек шарулар ғана сезінген жоқ. Оның ішінде үкімет жеңілдігін пайдаланатын ірі қожалықтар.

Сағадат Маханов, Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
Бәрі өздеріне керекті жанар жағар майларын кректі уақтысында алып кетіп жатыр. Оларға операторлар арқылы талон беріп, соған керегін алып кетеді.

Жалпы аймақ халқы бір айда 50-55 мың тоннадай дизель отынын тұтынады. Жанар-жағар май қауымдастығының басшысы «мұнай өнімдерін шығаруда тапшылық жоқ. Проблема бақылаудың нашарлығынан туындап отыр»,-дейді. Айтуынша жылына 100 мың тоннадай сұйық отын көлеңкелі жолмен шетел асады екен.

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай қауымдастығының» төрағасы:
Бізде бақылаудың жоқтығынан болып тұр. Есептің нашарлығы, анализдың жоқтығынан болып тұр. Бұл стратегиялық тауар болғандықтан мемлекеттік органдар қадағалауы керек. Акимат қадағалауы керек.

Тығырықтан шығудың жолын қарастыру үшін бүгін қала әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында арнайы жиын өтті. Бірақ әзірге нақты әрі ұтымды шешім қабылдана қойған жоқ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу