Елорданың сол жағалауында жол жөнделсе қатынас қиындайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың сол жағалауында жол жөнделсе қатынас қиындайды

23.08.2022

22-тамыз бен 1-қыркүйек аралығында Сығанақ көшесінің бір бөлігі жабылады. Жаз бойы сол жағалаудағы қозғалысты тежеген осындай жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың ашуына тигендей. Көпшілігі жап-жаңа жолдарды қайта қопарғанына наразы. Есесіне қаланың басқа бөліктері қараусыз қалып жатыр,- дейді елордалықтар.

Есілдің сол жағалауындағы көлік қозғалысы жаз шықса болды қиындап кетеді. Өйткені, көшелер кезек-кезек жөндеуге жабылады. Соның кесірінен көлік кептелісі көбейіп, адам жұмысқа кешігеді.

Бірақ жол жөндейтіндердің өз уәжі бар. Құрылысшылар үшін, жұмысты межелі уақытта бітірумен қатар, қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.

Андрей Симко, Мердігер компания өкілі:

Үстінен көлік өтіп жатса құрылысшылар қалай жұмыс істейді? Біреуді қағып кетуі мүмкін. Сосын, қала ішінде жолдың астымен тартылатын түрлі инженерлік, комуналдық, байланыс желілері бар. Салынған жолды қайта қопармау үшін соның бәрін бірден бітіруге тырысамыз. Ол көп уақыт алады...

Нұр-Сұлтан қаласында 1129 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 868 шакырым шамасында. Әкімдік мәліметінше жолдардың 90 пайызы жақсы жағдайда. Ал қалғанын жөндеу керек.

Елдос Өмірсадық, Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім бастығы:

Жолдардың сапасына мониторинг жүргізіледі. Оның нәтижесінде келесі жылы қандай жолдарға жұмыс жүргізу анықталады. Тағы айта кету керек, осы жылы қала әкімінің тапсырмасымен ең бірінші көңіл бөлетіні қала шетіндегі тұрғын алаптары.

Жыл сайын қала бюджетінен жол жөндеуге 7-10 млрд теңге бөлінеді. Биыл бұл ақшаға жалпы ұзындығы 69 шақырым болатын 131 көшені жаңарту көзделген.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу