Қоқыс полигондарының 80 пайызы заңсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоқыс полигондарының 80 пайызы заңсыз

23.08.2022

Елімізде ірі қалалардың шайынды суын тазартатын қондырғылардың басым бөлігі тозған. Кейбірі суды сүзгіден өткізуден қалып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Бұл жайында Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мәлімдеді. Қазір ірі елдімекендердің жанынан 54 шайынды суды тазартатын қондырғы қажет. Өйткені Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысындағы ауа сапасының нашарлауына шайынды су тазарту қондырғыларының істен шығуы себеп.

Зұлфұхар Жолдасов, ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
Олардың салынғанына 30-40 жылға жуықтаған. Жөнді тазаламайды көбісі. Бұл үлкен проблема. Мәселен Балқашта мүлдем тазалағыш жоқ деп айтуға болады. Біз бұл мәселені айтып, көтеріп жүрміз.

Комитет басшысы тұмса табиғатты ластаушы тағы бір үлкен факторды атады. Оның сөзінше, ел аумағындағы қоқыс полигондарының 80 пайызы заңсыз орналасқан. Ашық-шашық жатқан қоқыс алаңдары қоршаған ортаның ластануына әкеледі. Ел аумағындағы үш мыңнан астам қоқыс полигоны бар десек оның 20 пайызында тиісті талаптар сақталған. Тексерістерден кейін тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет төгуге жол берген 89 елдімекеннің әкімі жауапқа тартылды. Қазір заңсыз қоқыс полигондарын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу