Үкімет отырысында күзгі жиын-терін мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында күзгі жиын-терін мәселесі қаралды

23.08.2022

Осылай сырт көз ауылшаруашылық өнімдерімізге қызығушылық танытып жатқанда, арқаны кеңге салуға болмас. Маңғыстау және Атырау облыстарында мал азығын әзірлеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұндағы шөп ору науқанын бүгін Үкімет отырысында сынға алған Премьер-министр күзгі жиын-терін жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Өйткені былтырғыдай тапшылыққа жол бермеу маңызды.

Мал азығы - жан азығы. Сондықтан төрт түлік жем-шөптен тарықпау керек. Ауыл шаруашылығы министрі биыл солай болады деп сендіріп отыр. Өйткені былтырғыдай қуаңшылық жоқ. Жауын-шашын жеткілікті, шөп мол. Шаруалар қазірдің өзінде 21 млн тоннаны шауып, жинап үлгерген.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұл жоспардың 87,3%-ы, жоспар 24,1 млн тонна болатын еді. Тұтастай алғанда барлық өңірде мал азығын жинау жұмыстарын орындау барысының оң серпіні байқалып жатыр.

Ербол Қарашөкеев оң серпін байқалады дегенмен, Премьер-министрдің Маңғыстау және Атырау облыстарындағы шөп ору жұмысына көңілі толмайды. Сондықтан кестеден қалған өңірлер бұл істі шапшаңдату керек. Әрі қазір қызу жүріп жатқан егін жинау науқанына да асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Ел бойынша биыл 23,4 млн га аумаққа егін егілген. Одан 18 млн тонна астық алу көзделген. Оның 13 млн-ы бидай. Қазір егін алқабының 13 пайызы жиналды.

Ендігі міндет қар астында қалдырмай дер кезінде бастыру. Ол үшін барлық жағдай жасалған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Биылғы жылы болжам бойынша астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктердің басты міндеті егін орағын сапалы және уақытында өткізу.

Оның үстіне геосаяси ахуал ушығып, шет елдерде астық өндірісі ақсап тұрғанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан Премьер-министр әкімдіктерге дәнді-дақылдарды сақтау қоймаларын қазірден қамдау керек деді.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу