Шығыс Қазақстандағы Ақжар ауылында, даңқты қолбасшы - Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай «Дарабоз» атты өнер және спорт фестивалі өтті. Дүйім жұрттың басын қосқан дүбірлі той Ақжар ауылының 100 жылдығы мен Тарбағатай ауданының қайта құрылуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Тойдың шымылдығы «Бабалар ерлігі ұлтқа мұра, ұрпаққа үлгі» атты ғылыми-теориялық конференциямен ашылды. Тарихта Қабанбай батырдың 110-ға жуық шайқасқа қатысқаны жайлы айтылады. Алайда, көбі көмескіленіп, нақты дәлелденбеген. Биыл тарихшылар ғылыми экспедициямен батырдың жорыққа қатысқан жолдарымен жүріп өтіп, мұрағаттардан құнды деректер тапқан.
Қанат Еңсенов, тарих ғылымдарының кандидаты:
Омбы мұрағатында болдым. Сол кезде Қабанбай батырға қатысты Қазыбек биге қатысты, хан, сұлтандарға Абылайдың түпнұсқа жазған хаты мөр басылған. Әбілпейіз ханның хаты табылды.
Қабанбай Қожағұлұлының 330 жылдығына орай ақындар мүшайрасы ұйымдастырлды. Қазақ күресі, көкпар мен бәйге сынды сайыстарда мықтылар бақ сынасты. Жұртшылық батыр бабаның ерліктерін паш ететін қойылымдар тамашалады.
Қабанбай Қожағұлұлына қатысты тарихшылар еңбектер жазып, батыр құрметіне жер жерде еңселі ескерткіштер бой көтерді. Енді жас ұрпаққа даңқты қолбасшы Дарабоздың ерлігін дәріптейтін фильм түсіретін кез жетті - дейді, кино саласының мамандары.
Ернар Мәліков, продюсер:
Сериалдық түрде ме, төрт серия ма, он серия ма, жинап бір сериялық барлық кинотеатрлардан көрсететін фильм жасап шығарымыз ба?! Уақыт келді деп ойлаймын. Сондықтан бастама Қабанбай бабамыз туралы «Дарабоз» деп аталатын фильмнің бастамасын синопсисін жазып, дайындықты бастап кеттік.
Батыр тойы Ақжар ауылының 100 жылдығы мен Тарбағатай ауданының қайта құрылумен тұспа-тұс келіп отыр. Ширек ғасырдан кейін жаңғырған ауданның халқы енді өңір қайта түлеп, шалғай ауылдардың жағдайы оңалады деп сенеді.
Дархан Жөргекбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
Тек қана келесі жылға бюджеттік қаражат есебінен 5 миллиардқа жуық қаражат қарастырылу көзделіп отыр. Биыл 159 үй салынатын болса Шығыс Қазақстан облысында соның 48-і осы Тарбағатай ауданынан салынады. Оған 873 миллион теңге қаражатын осы жолы қорғап келдік.
Тарбағатай ауданындағы 31 елдімекеннің дені Қытаймен шекарада орналасқан. Соңғы жылдары олардан халық үдере көшіп, түтін сиреген еді. Ауданның қайта құрылуы, халықтың тұрақтап, өңірдің дамуына серпін береді деген халық қуанышын жасырмайды. Сол себепті де, барлық сән-салтанатымен өткерілген тойды да тарбағатайлықтар бірлесіп өз күштерімен ұйымдастырған.
Ержан Жақып