Алматылық тұрғындар сапасыз салынған баспанаға наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық тұрғындар сапасыз салынған баспанаға наразы

22.08.2022

Терезелерінің жан-жағы жарық. Жаңбыр жауса іші суға толады. Есіктері де арзан материалдан жасалған. Мектеп емес, бұл енді кәдімгі тұрғын үйдің жайы. Алматыда жуырда қолданысқа берілген жап-жаңа үйге қоныстанған тұрғындардың баспана сапасына көңілі толмайды. Су мен жарық мәселесі де қатты алаңдатып отыр.

Әлия Әбдірахманова осыдан бірнеше ай бұрын жаңа баспананың кілтін алғанда бақыттан төбем көкке жете жаздап еді дейді. Бірақ, пәтердің ішін аралаған сәтте-ақ қуанышы лезде сейілгенін қынжыла жеткізді.

Әлия Әбдірахманова, тұрғын:
Сапасы өте нашар, есік, терезелері жабылмайды. Өзіміз қолымыздан келгенше төлеп істетіп жатырмыз. Қолымыздан келмейтін нәрсені істетейік десек телефондарын көтермейді.

Пәтер жалдаудан жалыққан азаматша үйінің жөндеу жұмысы бітпесе де көшіп келіпті. Дегенмен, пәтерде жарық жиі сөнеді сондай-ақ ыстық су жоқ. Ал салқын суды дүкеннен сатып алуға немесе көрші ауладағы арнайы құрылғылардан тасуға мәжбүр.

Жалпы баспана сапасы сын көтермейді дейді, тұрғындар. Жаңбыр жауса үй іші суға толады. Ең қызығы су шатырдан емес терезеден кіреді екен.

Тұрғындармен жиналып құрылысқа жауапты мердігер компания басшыларын таба алмадық. Қоңырау шалып едік, кемшіліктер түзетіліп жатыр деп жауабын қысқа қайырды.

Бүгінге дейін тұрғын үй кешеніне тиесілі 6 үй қолданысқа берілген. Тағы төртеуі алдағы бір-екі айдың көлемінде дайын болады. Пәтер саны 1200-ден асып жығылады. Айта кету керек қазіргі таңда Алматыда сәулет нормалары сақталмаған немесе сапасыз салынған үйлердің құрылысы тоқтатылып, қатаң шаралар қолданылып жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу