Қостанай облысында «Ұстаз жолы: Орынбаев мектебі» деген атаумен ғылыми-танымдық экспедиция өтіп жатыр. Шара Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған. Экспедицияға Меңдіқара өңірінің өлкетанушылары мен білім саласының өкілдері қатысуда. Қостанай қаласы – Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық еткен үшінші орын. Бірақ оның бұл жаққа қай жылы ауысып келгені жайлы нақты мәлімет жоқ. Бір белгілісі, ұлы ағартушы болыстық мектептен кейін Орынбаев мектебінде ұстаздық еткен. Ол жерде мұғалім бола жүріп 1897 жылы Қостанай қаласында ауылдық бастауыш мектептерге жедел түрде мұғалімдер дайындау мақсатында ашылған педагогикалық сыныпта ұстаздық еткен. Экспедицияның мақсаты – ғылыми ортаға беймәлім болып келген Орынбаев мектебі мен педагогикалық сыныптың тарихи мән-маңызын арттыру.
Орынбаев мектебі және Қостанай педагогикалық сыныбы – А.Байтұрсынұлының биографиясында бұрын-соңды тіркелмеген деректер. Кеңес дәуірі кезінде педтехникум аталды. 1939 жылы Қостанай мұғалімдер институты болып құрылды. Қазіргі Қостанай өңірлік университетінің негізі Қостанай педагогикалық сыныбында жатыр деуге болады.