Елдің оңтүстігіндегі Газиантеп провинциясындағы тас жолдардың бірінде аударылып қалған көліктегі адамдарға көмекке келген жедел жәрдем, өрт сөндіруші және сол жерден ақпарат таратпақ болған журналистерге қатты жылдамдықпен келе жатқан жолаушылар автобусы соғылған. Оқиға орнында 2 дәрігер, 3 өрт сөндіруші, тілші мен оператор, сондай-ақ 8 жолаушы қайтыс болды. Бір жолаушы кейінірек ауруханада көз жұмған. Тағы 5 адамның жағдайы ауыр.
Сүлейман Сойлу Түркияның ішкі істер министрі:
Дәл қазір көліктердің техникалық жағдайы қандай болғаны, жүргізушілердің денсаулық жағдайы, тіпті қай уақытта ұялы телефон қолданғанына дейін тексеріп жатырмыз. Бәлкім телефонға қарап отырып байқамай қалды ма деген де пікір бар. Біз тергеуді мұқият жүргізіп, бұл апатқа кінәлілердің тиісті жазасын алуын қадағалаймыз.
Дәл осы күні Түркияның Мардин ауданында осыған ұқсас тағы бір жол апаты болды. Жүк көлігі мен бірнеше жеңіл автомобиль соқтығысып, апаттан жараланғандарға көмек көрсетуге жиналған қарақұрым халықтың ортасына тежегіші істемей қалған ауыр жүк көлігі келіп соғылған. Оқиға орнында 20 адам бірден көз жұмған. 26 адам жараланды. Жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды.